Атырау облысында жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық бойынша 3 қылмыс тіркелген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы адам саудасын алдын алу, адамдарды ұрлау және сату, жеңгетайлық, адамдарды бас бостандығынан айыру саласындағы қылмыстарды ашу және жолын кесу, сондай-ақ аталған мәселенің әлеуметтік қауіптілігін ескертіп азаматтарға құқықтық сауат ашу мақсатында республика көлемінде «Stop трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы әр тоқсан сайын өткізіліп отырады.
Мәселен, жыл басынан бері аталған іс-шараның екі кезеңі өткізіліп, нәтижесінде тиісті заңдылық бойынша (жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) 3 қылмыстық іс тіркелген. Тиісті заңдылық негізінде, яғни көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну бойынша 9 әкімшілік іс-құжат жинақталды.
–Облыста 4 жеңгетай, 19 жезөкше есепке қойылған болатын. Полиция қызметкерлері анықталғандармен жеке-профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Бұдан бөлек, жалпы облыс аумағында 317 жезөкше, 7 жеңгетай, 2 ЛГБТ өкілі есепке тіркелген, – дейді департаменттің баспасөз қызметінің хатшысы Мейірім Ердәулет.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ