Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты. "Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның өшпес ерлігі мен ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғырту өте маңызды. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді. Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқа да батырлардың есімі елді мекендерге, түрлі нысандарға, көшелерге берілген.
Училищелерді, авиация базаларын және әуежайларды батыр қырандарымыздың есімімен атау дәстүрге айналды. Мысалы, Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты Талғат Бигелдиновтің атымен аталады. Қарағандыдағы авиация базасына Нүркен Әбдіровтің, Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілген.
Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Осы орайда, майдан шебінде ерекше қаһармандығымен дараланған әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің ерлігі лайықты бағалануға тиіс. Алматының бір көшесі осы қалада туған даңқты ұшқыштың есімімен аталады. Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің Талдықорғандағы әуе базасын да Сергей Луганскийдің атымен атаған жөн деп санаймын.
Сондай-ақ біз кезінде ерлігі еленбей қалған батырларымызға «Халық қаһарманы» атағын беруді игі дәстүрге айналдырдық. Ең жоғарғы әскери атақ 2022 жылы марқұмдар Төлеуғали Әбдібековке, Александр Несмияновқа және Ыбырайым Сүлейменовке берілді. Ал 2023 жылы жүз жасаған ақсақалдарымыз Әбдіғали Қаймолдин мен Иван Гапич осы мәртебелі атаққа ие болды. Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырлардың ерлігі – бүгінгі және болашақ Отан қорғаушылар үшін шынайы үлгі-өнеге» деді Мемлекет басшысы.