ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮҒА БОЛАДЫ...

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі қоғамды тура жолдан тайдыратын бес кесел бар екенін айрықша атап өткен болатын. Бұлар – нашақорлық, лудомания, вандализм, буллинг және жемқорлық. Мен осылардың ішіндегі ең қауіптісі деп жемқорлықты айтар едім. Себебі, бұл қоғамдық дерт қандай мемлекеттің болмасын өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуына еш мүмкіндік бермейді. Оның тамырына тек қоғам болып балта шаппасақ, бір ғана Президент пен Үкіметке қарап отыруға болмайды.

Осы орайда, мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жер бетінен жоюдың жеті жолын ұсынғым келеді... Біріншіден, тіркеліп жатқан жемқорлық деректерінің санына емес, алдын алу жұмыстарына назар аударған абзал. Егер ондай деректер өткен кезеңге қарағанда көбірек тіркелсе, «былықтың беті ашылды» деп жерден жеті қоян тапқандай қатты қуанудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, олардың орын алу себептерін анықтап, болашақта болдырмаудың жолдарын іздеу керек секілді. Бір сөзбен айтқанда, жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресу керек! Екіншіден, соңғы уақытта кең таралып жатқан жасанды интеллект мүмкіндіктерін молынан пайдалану қажет деп санаймын.

Бүгінде жемқорлық деректері ең көп тіркеліп жатқан сала – мемлекеттік сатып алу. Бір мысал, алақандай Атыраудың өзінде, нақтырақ айтқанда, Махамбет ауданында мемлекеттік сатып алу жоспарына екі киіз үйді 8 млн теңгеге сатып алу енгізілген болатын. Мұны еріктілер дер кезінде анықтаған еді. Сөйтсе, әлгі киіз үйлердің нарықтағы бағасы небәрі 2,5 млн теңгені құрайды екен! Әйтеуір, «тендер» жүрген жерде «туыс» жүреді. Екеуі бір-бірінен бір елі ажырамайды! Бұған тоқтау салу үшін тендер байқауының жеңімпазы адамның қатысуынсыз, яғни, жасанды интеллект жүйесімен анықталуы тиіс. Байқауға қатысып жатқан адам мен мемлекеттік қызметкер арасында қандайма бір туыстық немесе басқа да байланыстардың бар-жоғын жасанды интеллект анықтайтын болса, кез келген тендер өте әділ өтеді деген сенім бар. Үшіншіден, цифрландыру үрдісін одан сайын үдете түсу керек. Оның пайдасын бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу қоғам көзбен көріп, құлақпен естіп жүр. Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын, айталық, мұрағат анықтамасын кейбір азаматтар кезек күтпей тезірек алу үшін тиісті маманға 500 теңге пара беріп жүрді. Яғни, әлгі маман күніне 10 адамнан осындай пара алса, заңсыз жолмен 5 мың теңге тапты деген сөз ғой. Ертеңіне сол үшін темір торға тоғытылып, өз тағдырын өзі бүлдіріп жүрді.

Ал, бүгінгі цифрландыру дәуірінде бұл қызметтердің көбі автоматты түрде көрсетіледі. Яғни, кез келген адам үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы қажетті анықтамасын алады. Қазіргі ақпараттық жүйеде бұрынғыдай «таныс» деген түсінік жоқ. Төртіншіден, халықтың құқықтық санасын арттыруды заңмен бекіту қажет. Мысалы, Сингапур секілді мемлекеттерде жемқорлық деген атымен жоқ. Неліктен деп ойлайсыз? Себебі, онда азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру заң жүзінде қолға алынған. Яғни, ол жақта ең алдымен халықтың санасымен жұмыс жасайды. Өйткені, жемқорлық деректерін құр тіркеп отырғаннан ештеңе шықпайды. Оның алдын алу үшін үгіт-насихат жұмыстарын көбейту керек болады. Жемқорлардың қалай жазаланатынын әр азамат біліп жүруге тиіс. Тіпті, керек болса, олардың фотосуреттерін қаланың қақ ортасындағы үлкен баннер мен билбордтарға бақырайтып ілу керек! Бесіншіден, жемқорлық тәуекелдерін қағаз емес, іс жүзінде азайту керек. Айталық, белгілі бір заң жобасын жасақтаған кезде оның мәтініндегі әрбір сөзге мұқият мән берген жөн. Мысал келтірсем, бір кездері заңда жер жобалау актісін бекіту жеті күн ішінде жүзеге асатыны жазылған болатын. Егер мұқият зер салатын болсақ, осындағы «жеті күн ішінде» деген бір ауыз сөздің өзі жемқорлық тәуекелін тудырып тұр. Былайша айтқанда, тиісті орган қызметкері аталған құжатты бір-ақ күнде дайындап бере алатынын айтып пара алуы әбден мүмкін ғой.

Алтыншыдан, жемқорлыққа жол беретіндердің көбісі мемлекетітк қызметкерлер болғандықтан, олардың жалақысын жыл емес, ай сайын көтеріп отырса да артық етпейді деп ойлаймын. Сонда олардың ойында «отбасымды қалай асыраймын?» деген сұрақ туындамай, бар күш-жігерін халыққа адал қызмет көрсетуге жұмсайтын болады. Соңғы ұсыныс, жемқорлық дерегі орын алғаны жөнінде хабарлаған азаматтарға берілетін сыйақы мөлшерін де көбейткен дұрыс деп ойлаймын. Қазір қателеспесем, егер ұрланбақшы болған ақшаның немесе берілмекші болған параның көлемі 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса, хабарлаған адамға соның 10 пайызы беріледі. Бірақ, әлгі сома 4000 АЕК-тен, яғни, 14,5 миллион теңгеден аспауға тиіс. Естеріңізде болса, былтыр осындай бір іс бойынша атыраулық кәсіпкерге 12,5 миллион теңге сыйақы берілді.Міне, бұл – жаңа дифференциалды жүйенің жемісі. Ал, оған дейін сыйақы мөлшері қылмыстың санатына байланысты беріліп келген еді.

Міне, бұл – мен ұсынған жемқорлықты жеңудің жеті жолы. Бұдан бөлек, мектеп, университет, колледждерге апта сайын антикор мамандары аяқтай барып аралап, сыбайлас жемқорлық дегеніміз не, онымен қалай күресуге болады, алдын алу жолдары қандай, пара алған немесе берген және мемлекет қаржысын қалтасына басқан азаматтарды қандай жаза күтіп тұр – осының бәрін түсінікті тілде егжей-тегжейлі баяндап отырса, нұр үстіне нұр!

Әділет АМАНГЕЛДІ,

Журналистер одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT