Бүгін Еркінқала ауылдық округіне қарасты Балауса елді мекеніндегі №43 орта мектеп ғимаратында орналасқан №274 сайлау учаскесінде де тұрғындар өз таңдауларын жасады.
Сайлау учаскесінің төрағасы Бибігүл Ғапуованың айтуынша, дауыс беру процесі барлық заң талаптары мен ережелерге толық сай жүргізілуде. Ең бастысы – сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінген. Арнайы бұрыштарда мүмкіндігі шектеулі жандар да кедергісіз дауыс беріп шыққан. Сондай-ақ, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын 1 адам арнайы өтініш негізінде үйде дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.
Сайлау барысы туралы ақпарат елді мекен тұрғындарының ортақ чаттарында белсенді таратылып, бейнероликтер арқылы да жұртшылыққа кеңінен хабарланды. Бұл – тұрғындардың сайлауға қатысуын арттыруға оң ықпалын тигізді. Ең қуанарлығы – саяси белсенділіктің жасы шектелмеген. Сайлау тізіміне биыл алғаш рет дауыс беруге мүмкіндік алған 18 жастағы 47 жас азамат тіркеліп отыр. Ал ең егде сайлаушының жасы – 71-де.
Учаскеде екі байқаушы бекітілген. Қазір бір байқаушы сайлау барысын бақылап отыр. Бұл да сайлаудың әділ әрі ашық өтуінің кепілі.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ