Жастарға мүмкіндік мол Елімізде жастар саясатын оңтайландыру үшін аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Бүгінде дәл осы бағытта жастармен тікелей қарым-қатынас жасап, бірлесе жұмыс атқарып жатқан аудандық Мансап орталығының орны да айрықша.
Осы ретте аталған орталықтан жыл басынан бері қандай бастамалар қолға алынғаны, жастардың белсенділігін арттыруда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны жөнінде бірқатар сауалдарға жауап алдық.
Жауапты маманның айтуынша, жастарды жігерлендіретін түрлі шаралар ұйымдастыруда. Мысалы, «бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» жастардың жұмыс табуға оңтайлы шешімі десек жарасатындай. Бұл сөзімізге бағдарлама арқылы жарыса жұмысқа орналасу үшін бірқатар жастардың қатысқаны дәлел болса керек. Ал жастар тәжірибесі – еңбек жолын жаңадан бастаған жастарға таптырмас мүмкіндік. Бағдарламаға қатысушылардың көбі өздерін жақсы маман ретінде көрсете отырып, жолдама алған жеріне тұрақты жұмысқа орналасады. Бұл бағдарлама бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында барлық жас мамандарға арналған. Оқу аяқталғаннан кейін 5 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз ретінде тіркелгендер жіберіледі. Ұзақтығы 12 айдан аспайтын, айына жалақы мөлшері кемінде 30 айлық есептік көрсеткіші. Аталмыш бағдарламаға жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгінуі қажет.
Сондай-ақ бұл 35 жастан аспаған жастар үшін олардың өміріндегі алғашқы жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды беру үшін жұмыс реті.
Ал қоғамдық жұмыстар болса, жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін орталықта ұйымдастырылады. Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады. Бұл бағдарламаға тіркелген жұмыссыздар, студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстар ұсынылады. «ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №275 бұйрығының негізінде «қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, «Жастар тәжірибесі», алғаш жұмыс орындары, Ұрпақтар келісім шарты бағдарламалары бойынша» жастардың жұмыспен қамтылуға мүмкіндіктері бар. 2025 жылы бүгінгі күнге дейін аудан жастары бойынша қоғамдық жұмысқа 41 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 18 адам, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқаны – 5 адам. Ал «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 33 адам, оның ішінде 5 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ аудан бойынша осал топтағы, атап айтқанда, мүгедектігі бар, аз қамтылған отбасы мүшелері, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері жастарға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатысуға болады»,- деді аудандық Мансап орталығының маманы Әсел Жұмашева.
Иә, осылайша жас маманның жақсы қырынан көрініп, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы аясында талапты жастар тұрақты жұмысқа табан тірей алады.
Адамдар рухани өмірдің жай тұтынушысы ғана болмай, оның белсенді жасаушысы да болу үшін міндетті түрде бос уақытты ұтымды пайдалануға дағдылану орынды, әрине. Дәл осы дағдыны жастардың бойында қалыптастыруда орталық қызметкерлерінің еңбегі ерен. Олар жастардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырып, түрлі салалар бойынша бағыт-бағдар бере отырып, шыңдалуына жол ашу мақсатында аудан жастарымен тығыз жұмыс жасауда.
Нақтырақ айтсақ, осы орталықтың мамандары аудандық «Қазақтелеком»АҚ – ның аудандық филиалы және «Атырау облысы Су арнасы» КМК бөлімшесі басшыларымен кездесіп, қазіргі таңдағы бос жұмыс орындары мен субсидияланатын жұмыс орындары турасында ақпарат алмасқан.
Осы ретте жастарға арналған түрлі шаралар да ұйымдастыруда. Мысалы, «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» жастардың жұмыс табуға оңтайлы шешімі десек жарасатындай. Қолдағы мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда аудан бойынша Мансап орталығына жұмыс іздеуші ретінде 35 жасқа дейінгі бірқатар жұмыссыз жастар хабарласқан. Жастарды кәсіпкерлікке тарту да уақыт талабы. Бұл бағытта біршама мемлекеттік бағдарламалар қабылданған. Орталық мамандары әлеуметтік желілерде бос жұмыс орындары, мемлекеттік бағдарламалар туралы мәліметтер мен жалпыға қажетті ақпаратты жариялап отыр. Жедел жарияланымдар жастардың жұмыс табуын қолжетімді етуде.
«Жалпыға түсінікті болу үшін айта кеткеніміз жөн болар. Жұмыс іздеген жастар мынаны ескергені абзал. Егер оқу бітіріп, 5 жыл жұмыс таппай жүрсеңіз, «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа орналаса аласыз. Ал егер кәсіби біліміңіз болмаса, кәсіптік даярлаудан өтуді талап етпейтін, уақытша жұмыспен қамтылуға мүмкіндігіңіз бар. Яғни, әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрін әлеуметтік, ақылы қоғамдық жұмысқа орналасуыңызға болады», – дейді орталық мамандары.
Иә, жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемші болып отырған бұл орталық жастарға қолдау көрсететін бірден-бір ұйым екенін дәлелдеп келеді. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың қарқыны арта берсе жұмыссыз жастардың қатары азаяры сөзсіз.
Г.Жұбанышқалиева