Мемлекет басшысының ел басқарып келе жатқан алты жылында жастарға көрсетілген қолдау, мемлекеттік қызметке тарту және өңірлік кадр резерві жобаларының іске асырылуы елімізде жастардың әлеуетін арттыруға жол ашты.
Елімізде жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп, олардың білім алуына, тәжірибе жинақтап, еңбек нарығында өз орнын табуына барынша жағдай жасалуда. Президенттің бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға тың серпін берді. Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрлар даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді.
Қазір жастардың жұмыспен қамтылуы – еліміздің басты басымдықтарының бірі. Бұл мақсатта “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны”, “Ұрпақтар келісімшарты” секілді бағдарламалар жүзеге асырылып, жас мамандардың тәжірибе жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге арналған “Бастау Бизнес”, “Қарапайым заттар экономикасы”, “Жеңілдетілген несие” секілді қолдау тетіктері қарастырылған.
Мен де өз еңбек жолымды қарапайым қызметтен бастап, осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, кәсіби тұрғыда дамыдым. Қазір Махамбет ауданында қызмет атқарып, өз тәжірибемді ел игілігіне жұмсауға тырысамын. Президенттің: “Біз жас мамандарға сенім артуымыз керек. Олардың білімін, тәжірибесін ел мүддесіне пайдалануымыз қажет”, – деген сөзі мен үшін маңызды.
Жастар кадрлық резерві – жастарға сенім артып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашудың нақты көрінісі деп білемін. Бұл жоба білімді, қабілетті, ел дамуына үлес қосқысы келетін жастар үшін үлкен мүмкіндік береді. Мен өзім де осы резервке еніп, мемлекеттік қызметтің барлық талаптарынан өтіп, Астана қаласында тест тапсырып, сұхбаттасу кезеңдерінен сәтті өтіп, сенімге ие болдым.
Мемлекет жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін білім гранттары, жеңілдетілген баспана бағдарламалары, жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері сияқты шараларды қолға алған. Бұл шаралар жастардың өз әлеуетін толық пайдаланып, ел дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Мен қарапайым отбасында тәрбиеленген адаммын. Алайда мемлекет ұсынған қолдауларды тиімді пайдаланып, өзімді дамытуға тырыстым. Бүгінде халыққа қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе. Әр жетістігімнің артында мені қолдаған туған-туыстарым, әсіресе анамның еңбегі зор. Ол маған әрқашан сенім артып, адал еңбек етуге, елге қызмет етуге бағыт-бағдар берді. Мен сияқты қарапайым отбасынан шыққан жастар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Егер сенім мен еңбек жолында табандылық танытса, кез келген жас өз арманына жете алады. Ең бастысы – алға ұмтылу, өз-өзіңе және мемлекетіңе деген сенімді ақтау.
“Еңбегіңе қарай – құрметің” демекші, мемлекет жастарға үлкен қолдау көрсетуде. Біз осы сенімнің үдесінен шығып, Қазақстанның өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз қажет!
Еңбек жолым 2018 жылы мемлекеттік мекемеде ЭВМ операторы болып басталды. Кейін кәсіпкерлік, білім, спорт, ішкі саясат, коммуналдық шаруашылық салаларында түрлі қызметтер атқарып, тәжірибе жинақтадым. Әсіресе, жастар саясаты саласында, яғни Индер аудандық жастар ресурстық орталығында басшылық қызмет атқарып, жастардың дамуына үлес қостым.
Бұл жылдар маған тәжірибе, жауапкершілік және халыққа адал қызмет етудің маңызын ұғындырды. Әрбір жұмыс орным мен үшін жаңа белес, жаңа мүмкіндік болды. Бүгінде мемлекеттік қызметте өз білімім мен тәжірибемді ел игілігіне арнау – мен үшін үлкен мәртебе.
2024 жылы Атырау облысының өңірлік кадр резервіне іріктеу барысында шамамен 600 үміткер құжат тапсырды. Олардың 479-ы тестілеуге жіберіліп, 204 үміткер оң нәтиже көрсетіп, жеке қасиеттерін бағалау кезеңіне өтті. 51 үміткер құзыреттерді бағалау кезеңіне қатысып, 38-і құрылымдық сұхбатқа өтті. Нәтижесінде, комиссия 25 адамды өңірлік кадр резервіне іріктеп алды, оның ішінде мен де бармын.
Темірлан БЕРТІЛЕУОВ,
Махамбет ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімі басшысы