Атырауда 3-4 мамыр күндері «Atyrau Hub» бизнес-инкубаторында жастар арасында инновациялық идеяларды дамытуға бағытталған «Atyrau Youth Hackathon» конкурсының алғашқы кезеңі өтуде,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алғашқы хакатон «Білім» тақырыбына арналып отыр. 15 сәуір мен 1 мамыр аралығында өткен тіркеу науқанына 105 жас өтінім беріп, олардың ішінен 52 қатысушы (13 команда) іріктеліп алынды.
- Бірінші хакатонның негізгі мақсаты – өңіріміздегі өзекті мәселелерді жастардың көзқарасымен шешу және жастар арасындағы стартап-мәдениетті дамыту. Жалпы жүлде қоры – 1 500 000 теңге. «Білім» бағыты бойынша 3 кейс ұсынылады. Қатысушылар осы кейстерге сәйкес өз шешімдерін әзірлеп, қорғауы тиіс,-деді ұйымдастырушы Ләззат Нұрқызы.
14 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар қатарында жоғары сынып оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, жұмыс істейтін жастар, стартапшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе жұмыссыз жастар бар. Хакатон барысында қатысушылар екі күн ішінде республикалық деңгейдегі кәсіби менторлардың жетекшілігімен топтық жұмыс жасап, өз жобаларын әзірлеп, қорғауға мүмкіндік алады. Менторлар қатарында танымал IT-ағартушы, Бостон университетінің Big Data Analytics магистрі Бектұр Тимур және Astana Hub директорының кеңесшісі Данабек Калиаждаров бар.