Жасанды интеллект – әлемдегі жаңа төңкеріс алып келетін сала деп айтуға болады. Оның қамтымаған секторы жоқ. Осыдан он жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға бүгінде робот күші жегілді. Расымен технология дамыған заманда жасанды интеллектті жоққа шығару, оның мүмкіндігін пайдаланбау қателік болар еді. Бұл тақырып Мемлекет басшысының кешегі Жолдауында қамтылғаны биліктің заманауи жаңалықтарға құлағы түрік екендігін білдіреді.
Әлемде алдағы бірнеше жылдан осы салаға бір триллион доллардан инвестиция салынады деген болжам бар екендігіне тоқталған Президент, Үкіметке жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тапсырма берді.
«Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», - деді ол.
Егер Президенттің берген тапсырмасы орындалса Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі көш бастайтын елдің қатарына қосылуы керек.
Жанат Жұмағалиева,
«Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталық» КММ-сі аудан бойынша жұмысты үйлестіру бөлімінің бас маманы