Жасанды интеллект қызметін реттейтін заң қабылданды

Жасанды интеллект қызметін реттейтін заң қабылданды
(0 Votes)

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында комитеттер бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Күн тәртібіндегі алғашқы үш заң жобасы бір-бірімен байланысты болғандықтан Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева аталған заң жобаларының басын қосып, қорытындысын әзірлеу жөнінде ортақ баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, бұл заң жобалары Парламенттің қос палатасы депутаттарының бастамашылығымен әзірленген.

– Заң жобаларымен Азамат­тық-процестік, Әкімшілік-про­цестік, Қылмыстық-про­цес­тік және Әкімшілік құқық­бұзу­­шы­­лық кодекстерге түзетулер енгізу көзделген. Кодекстер бойын­ша түзетулерге сәйкес, Консти­туция­лық сот өз шешімдеріне айқындаған түсіндірмелер істі шешу үшін маңызды болса, жаңадан ашылған мән-жай ретінде сот шешімдерін қайта қарауға негіз болады, – деді С.Имашева.

Сондай-ақ Мәжіліс Қылмыс­тық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терро­ризмді қаржыландыру тәуе­кел­дерін бағалау халықара­лық орталығын құру туралы ке­лісімді ратификациялады. Бұл бағыттағы заң жобасын Қаржылық мониторинг агент­тігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов таныстырды. Оның айтуынша, аталған келі­сімге Мемлекет басшылары 2023 жылдың қазан айында қол қойған.

Сондай-ақ Қазақстан мен Марокко қылмыскерлерді ұстап беру­ге келісті. Жалпы отырыста Мәжіліс өткен жылы 12 желтоқ­сан­да Рабат қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялады. Заң жобасын таныстырып, баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, құжатқа сәйкес, тараптар қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе сот үкімін орындау үшін өз аумақтарында орналасқан адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндетті болады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Қазақ­стан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады. Яғни қос тарап ендігі жерде бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өз елінде жазасын одан әрі өтеу үшін бір-біріне беруге міндетті болады.

Парламенттің төменгі палатасы жалпы отырыста «Жасан­ды интел­­лект туралы» және онымен бай­­ланысты ілеспе тағы заңды екін­­ші оқылымда қабылдады. Заң жоба­­ларын негізгі баяндамада та­­ныс­­тырған Экономикалық ре­­фор­­ма және өңірлік даму ко­ми­­­теті­­нің хатшысы Екатерина Смышляева заң жобаларын Мем­ле­кет басшысының тапсырмасы бойын­­ша Мәжіліс депутаттары әзір­­легеніне тоқталды. Заң арқы­лы алғаш рет жасанды интеллект, модель, жүйе, деректер кітап­хана­сы, син­тетикалық нәтиже сынды жаңа құқықтық ұғымдар орнық­тырылып отыр.

Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интел­лектіні дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтар­дың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

– Заң жобасында жасанды интеллектіні пайдаланудың негізгі этикалық қағидаттары бекітілген. Олардың ішінде адам құқықтарының басымдығы, жұмыстың қауіпсіздігі мен ашықтығы бар. Жасанды интеллект құқықтық қатынастардың субъектісі ретінде танылмайды. Адам барлық шешімге жауапты болып қала береді. Жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады. Ол деректер кітапханаларына, жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу және пайдалану ортасына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Заң жобасы әзірлеушілердің есептеу инфрақұрылымына, оның ішінде суперкомпьютерлерге қол жеткізу тәртібін анықтайды, – деді Е.Смышляева.

Депутаттар заң жобаларын қабылдаған соң Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, еліміз әлемде алғашқылардың бірі болып ЖИ-ді дамытуға дем беретін заңды қабылдағанын атап өтті. Осы заңды әзірлеу барысында цифр­ландыру саласындағы озық әлемдік тәжірибелер мен тәуе­келдердің бәрі ескерілгенін айтты.

– Біз еліміз үшін өте маңыз­ды заңды қабылдадық. Мем­лекет басшысы таяудағы Жолдауын­да алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифр­лық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президент бүгін әлемнің ең басты мінбері – Бірік­кен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан жасан­ды интеллектіні техноло­гиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарасты­рады», деп атап өтті. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды, – деді Мәжіліс төрағасы.

Е.Қошановтың айтуынша, қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң – осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашпақ.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.

Заң бойынша халықаралық ғылыми жоба байқауларында жүлделі орындарға ие болған оқу­шы­ларға бір реттік төлемақы бері­леді. Оларды дайындаған педа­гогтерге де қаржылай өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ мүге­дек баланы тәрбиелеп отырған немесе І топтағы мүгедек адамды бағып отырған жоғары оқу орындарының түлектерін оқуға арналған мемлекеттік грантты міндетті түрде өтеуден босату ұсынылады. Шетелдік жоғары оқу орындарында резидентура, магистратура, аспирантура және докторантурада оқығандарға өтелім мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі. Мемлекет мектептер мен балабақшалар­да санитарлық-эпидемиологиялық ба­қылауды күшейтеді.

Жалпы отырыс барысында депутаттар тиісті мемлекеттік орган­дарға бағыттаған депутат­тық сауал­дарын жолдады.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT