«Жаны жайсаң, Жәнібек» кітабы жарыққа шықты

(0 Votes)

«Мақат тынысы» газетінің тарихында жергілікті қаламгер Жәнібек Есқабылұлының орны ерекше.

 Газет шыға бастаған алғашқы жылдардан редакцияда қызмет еткен оның «Мақат тынысының» газет болып қалыптасуына тигізген үлесі зор болатын.

Басылымды 20 жыл уақыт басқарып келе жатқан Гүлзада Есмырзақызы да  әрқашан «мені редактор еткен Жәнібек аға» деп еске алып отырады. Редакцияда қызмет атқара жүріп, өзінен кейінгі әріптестеріне журналистік қызметтің қыр-сырын үйретуге ешқашан тартынбағанын бүгінгі күні әріптестерінен жиі естиміз.

Майлы қиян Мақаттың маңдайына біткен өз ісінің майталманы, қаламы қарымды қаламгердің дүниеден озғанына 10 жыл уақыт толғаннан кейін арамызға кітап болып қайта оралды. Жары Зәру Манатаева, бала-келіні Алмаз Аманғалиев, Гүлден Нұржанованың құрастыруымен «Жаны жайсаң Жәнібек» атты жаңа кітап жарыққа шықты.

«Әкеміздің аяқсыз қалған арманының бір бөлігін орындау - біздің парызымыз деп түсініп, осы кітапшаны алдымыздағы жас ұрпаққа үлгі-өнегесін көрсетіп шығарған болатынбыз»,- дейді балалары.

250 беттік кітап «Қазақ университеті» баспасында басылған. Кітапта әріптестерінің естеліктері мен өзінің жазба, әдеби шығармалары және ұрпақтарының сағынышқа толы естеліктері топтастырылған. Сондай-ақ, отбасылық суреттер галлереясы жинақталған.

Бұл жаңа кітаптың тұсауы кесілуі «Мақат тынысы» газетінің биылғы 20 жылдық мерейтойы қарсаңындағы іс-шаралармен ұштасып отыр.

«Мақат тынысы» газетінің алғашқы он жылдық тарихы Жәнібек Аманғалидың есімімен тығыз байланысты. Сол жылдары қызметтес болған әріптестерінің бәрін Жәнібек ағаның шәкірттері деп айтсақ, артық болмас. Шығармашылық жұмыспен айналысуда жөн сілтеп, жол көрсеткен, журналист деген мамандықтың бірқатар тұстарын санаға сіңіре білген Жәнібек ағаға шағын ұжымының айтар алғысы әлі де шексіз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT