Жанкүйер назары Еуропа чемпионатында

(0 Votes)

Қазақстан футболдан әлем чемпионы болды дегенді естісеңіздер, ол полициялардың, жетімдердің немесе әншілердің арасындағы жарыс деп білгейсіздер. Қала берді футзалдағы жетістіктерге де көрермендердің көзі үйренді. «Қазақтар сенімдірек доп тебулері үшін шағын алаңға шығарып, алаңды ақырындап кеңейтіп отыру керек» деп бір әзілкеш тауып-ақ айтқан дерсің.    

                                                      Футзал футболдан озып тұр

  Елімізде футболдан гөрі футзалдың әлдеқайда жоғары дәрежеде дамығандығы барша спортсүйер ағайынға аян. Біріншісінен үлкен додаларға шығудың өзі арман болса, екіншісінен жүлдесіз қалу өзегімізді өртейді.

ХХ ғасырдың соңына қарай кең таралған ойыннан 90-шы жылдары дербес құрама ретінде жаңадан бәсекеге түсіп бастаған қазақстандықтар ғасырлар тоғысында-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміз  Азия футбол конфедерациясында  1999, 2000 жылдары құрлық біріншілігінің қола және күміс жүлдегері атанып, сол жылдары әлем біріншілігінде бой көрсетеді. Алайда тәжірибе аздығынан алғашқы раундтан қайтуға мәжбүр болды. УЕФА құрамына өткеннен соң 2016 жылы құрлықтан алған қола көптен күткен жетістік еді. Кейін бұл жетістік сол Европада төртінші орынға тұрақтаумен және әлем додасында плей оффқа дейін жетумен жалғасты. Ал есімізден кете қоймағаны былтырғы жылдың аяғында Қазақстан құрамасының айды аспанға шығаруға сәл қалғаны. Жартылай финалда португалдықтардан пенльти бойынша ғана жеңіліс тапқан футзалшыларымыз, үшінші орын үшін айқаста аты шулы Бразилия құрамасын ұтып жатып есе жбіеріп қойды. Дегенмен әлем аренасында Қазақ футзалының беделін тағы бір көтеріп тастады.

Соңғы уақыттағы ұлттық құрамамыздың жеңістері алматылық клубтар арасында УЕФА кубогының екі мәрте иегері «Қайрат» командасының табыстарымен тығыз байланысты екендігін айта кеткен жөн. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының төлқұжатын алып еліміздің намысын қорғап жүрген бразилиялықтардың тигізіп жүрген пайдасы зор. Олармен бірге ойнаған қандастарымыз өз шеберліктерін шыңдай түсті.

whatsapp-image-2022-01-27-at-15_57_39-1

                                                       Алтын үшін аянбау керек

  19 қаңтарда Нидерландының Амстердам және Гронинген қалаларында кезекті Еуропа біріншілігі бастауын алды. Фавориттердің бірі ретінде сынға түсіп жатырған Қазақстанның топтағы қарсыластары – Словения, Италия және Финляндия құрамалары. Алғашқы ойында словендіктермен кездескен жерлестеріміз қуып жетумен болып, ақыр аяғында есеп 4:4 болып аяқталды. Осы орайда командамыздың сапында екінші ойынға ғана келген Арнольд Кнауб пен футзалшыларды жақсы жігерлендіретін бапкеріміз Рикардо Каканың жетіспеушілігі байқалғандай. Оның үстіне қатарымыз Эдсон атты жаңа бразилиялықпен толыққанымен, құрамамыздың жұлдызы Лео жарақатына байланысты бұл байрақты бәсекеге де қатыса алмайтын болды.

Екінші ойында Финляндиямен кездесткен отандастар 6:2 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Соның арқасында 4 ұпаймен топта көш бастады. Ендігі ойында Италиямен тең ойнаса да келесі кезеңге шығайын деп тұр. Бірақ азулы Португалияға түсіп қалмас үшін топтан қалай да бірінші орын алуға тырысу керек. Өкініштісі, коронавирусқа шалдыққан Шыңғыс Есенаманов пен бірінші турда алаңнан қуылған Альберт Ақбалықов осы ойында командаға көмектесе алмайды.

Ендеше жұма күні жергілікті уақытпен 21.30 ұлттық құрамамызға тағы бір мәрте жанкүйер болайық. Бәлкім бұл турнир Қазақстан футзалына арман болған алтын жүлдені алып келер.

                                                                                                           А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521