Жаңа реформа – жаңа мүмкіндіктер

Жаңа рефеорма – жаңа мүмкіндіктер
(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында кәсіптік білім беру саласына реформа жасаудың ел экономикасы үшін маңызына тоқталды. Елімізде соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру жүйесін дамытуда бірқатар прогрессивті қадамдар жасалды. Қазіргі таңда колледждер жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады, кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайтылып отыр. Бұған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент қабылданып келсе, ағымдағы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жеткен. Колледж студенттерінің шәкіртақылары 50%-ға өсті. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының материалды-техникалық базасын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледжді қайта жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 48 млрд теңге бөлініп отыр. 

Ауданымыздың киелі Хан ордалы Сарайшық ауылында орналасқан Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжі еліміздің ауылшаруашылығын өркендетуге қажетті маман - тұлға даярлайтын бірден-бір іргелі және білім алып шыққан талай ұрпақтар үшін орны бөлек оқу орны саналады. Білім ордасы алпыс алты жылдық тарихында қызықты да қиын кезеңдерді бастан кешті. Колледждің қалыптасуына зор үлестерін қосып, маңдай терлерін төккен аға ұрпақтың еңбегі ұшан-теңіз. Кеңес Одағы кезінде облыстағы ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған төрт арнаулы оқу орны болса, соның бірі де, бірегейі болды. Осы уақыт ішінде оқу орнынан қанат қаққан 8 мыңға тарта түлектер облыстың Махамбет, Исатай, Индер, Қызылқоға, Жылыой аудандарында және де еліміздің түкпір -түкпірінде өндірістердің қай саласы болмасын абыройлы еңбек етіп, халық игілігіне қызмет етуде.

Колледж бойынша жалпы үш оқу шеберханасы жұмыс жасайды. Олар «Күтім және жөндеу шеберханасы», «Тегершік жөндеу шеберханасы», «Құрылысшы», «Газ, электрмен дәнекерлеуші», және екі зертхана, бір цех, бір автомобильге машықтандыру (тренажер), автодром студенттерге өндірістік оқыту сабақтарын өткізуге толық жеткілікті. Қазіргі таңда 4 «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша 147 студент оқып, тәрбиеленуде. Өткен оқу жылдарын бітірген түлектердің 70% жұмысқа орналасып отыр. Бұл жөнінде Махамбет көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің директоры Сұлтанғалиев Жанболат Қашымұлы айтып берді.

- Колледждің оқу жоспарында дуалды оқыту бағдарламасы енгізілген. Дуалды оқыту дегеніміз 40% білім беру базасында оқу, 60% өндірістер мен кәсіпорын базаларында өндірістік оқу түрінде жүргізілуі керек. Соған байланысты үлкенді-кішілі кәсіпорындарымен, шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалынған.

Ұжымда 26 инженер – педогог кадрлар жұмыс жасайды. Колледжде үш жоғары санатты, бес бірінші санатты мұғалімдер мен екі өндірістік оқыту шебері жұмыс істейді. Жоғары санатты мұғалімдер қатарында Асия Рсалиеваның, Сара Сәтбергенованың, бірінші санатты мұғалімдер сапында Жанаргүл Түгелбаеваның, Сатыбалды Сағынбаевтың, Нұрия Жексенбаеваның, Дина Жұқатаеваның, Лауия Зұлпыхарқызының, өндірістік оқу шеберлері Төлеу Мырзағалиевтің, Гулжиян Мұқашеваның, Аққалыш Тлеумұратованың, Зейнеп Кенжалинаның, Нұрболат Дүйсенбиевтің есімдерін атауға болады. Педагаог кадрлар жүйелі біліктілік оқу курстарынан өтіп, мерзімімен тиісті санаттарын уақытында сапалы қорғап отыр.

Бір айта кетерлігі, алпыс жылдан астам тарихы бар колледждің материалдық– техникалық базасы заман талабына сай жабдықтауды қажет етеді. 75 орынға арналған екі жатақханаға колледжге оқуға қабылданған студенттер өз қалауларымен өтініш бере отырып, еш кедергісіз орналаса алады. Жатақхана ескі жүйемен салынғанымен, заман талабына сай, студенттерге барлық жағдай жасалған. Қажетті жиһаздармен толықтай жабдықталған, ыстық, салқын су, кәріз жүйелері жұмыс жасайтын әжетхана мен жуынатын бөлмелермен де қамтылған. Жатақхана студенттері үшін 8 орынды монша жұмыс жасайды. Медициналық қызмет көрсету және тамақтандыру орындарымен қамтамасыз етілуіне байланысты колледжде 2 бөлмелі дәрігерлік пункт қызмет жасайды. 160 орындықты мәжіліс залы, спортзал, гимнастикалық зал, спорт алаңы, алғашқы әскери дайындық жаттығу алаңы студенттер игілігінде. Студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында тәрбиешілер оқу - тәрбие жұмыстарының жоспарына сәйкес жатақхана кеңесімен бірлесіп түрлі іс - шаралар өткізеді. Сонымен қатар, жатақханада тұратын студенттер арасында тәрбиелік мәні бар әр түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

2023 – 2024 оқу жылы бойынша колледжді бітіріген 39 студенттің 4-еуі жоғары оқу орнында білімін жалғастыруда. 4-еуі әскер қатарында, 2-еуі бала күтімінде, 4-еуі өз мамандықтары бойынша, 8-зі әртүрлі жұмыстарда, 6-уы маусымдық жұмыста болса, 8-зі денсаулықтарына байланысты жұмыста жоқ, - дейді колледж директоры.

«Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс» - деген болатын Президент өз Жолдауында.

Аталған колледжде «дәнекерлеу ісі» мамандығының 3 курсында білім жатқан Ділмұрат Масқарбай бүгінде екі айлық өндірістік практикадан өтіп жатыр.

- Дәнекерлеуші мамандығына деген қызығушылығым кішкентай кезімнен бар. Үнемі олардың жұмысын қызықтап, сырттай бақылап жүретінмін. Әкем де жан-жақты, бұл істің маманы десем артық болмас. Сөйтіп, екі жыл бұрын 9 сыныпты аяқтап, туған ауылымдағы колледжге оқуға түстім. «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша тобымызда жан-жақтан жиналған 7 студент бар. Өндірістік тәжірибе барысында дәнекерлеу ісінің қыр-сырымен тереңірек танысып жатырмыз. Арнайы тағайындалған шеберіміз білмегенімізді үйретіп, бәрін түсіндіріп отырады. Екі жыл, он ай тегін білім беріп, шәкіртақы төлеп, оқу барысында өндірістік орындарға барып үйренуге мүмкіндік берген колледж ұжымына, ел басындағы жанашыр азаматтарға, Мемлекет басшысына алғыс айтамыз.Келесі жылы оқуымды аяқтаған соң, мамандығым бойынша еңбек етсем деген мақсатым бар, - дейді Ділмұрат.

ӘЛБЕТТЕ, КӘСІПТІК БІЛІМ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІМЕН СУСЫНДАҒАН, БІЛІКТІ ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАРЫ БАР МЕМЛЕКЕТТІҢ – ІРГЕТАСЫ МЫҚТЫ БОЛАРЫ СӨЗСІЗ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КЕЛЕР 2025 ЖЫЛДЫ - ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ ДЕП ЖАРИЯЛАП, ОҒАН ҚОСА КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНА РЕФОРМА ЖАСАУДЫ ТАПСЫРДЫ. БҰЛ ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАЖЕТТІ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАЙТЫН БІРДЕН-БІР ІРГЕЛІ ОҚУ ОРНЫ – МАХАМБЕТ КӨПБЕЙІНДІ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ КОЛЛЕДЖІ ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ ДЕГЕН ОЙДАМЫЗ.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT