Елімізде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жарияланған болатын. Жастардың үлгі алуына, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін жобада еліміздің түкпір-түкпірінен тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен дарынды жастар бақ сынады.
Аталған жобаға өңірімізден Мария Мұқанова қатысып, есімі тарихта қалатын тұлғалар қатарына енді. Ол жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткен «Әділетті Қазақстанның патриоты» атты республикалық байқауынан және «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауынан І орынды иеленіп, төсбелгімен марапатталды.
«Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауы туралы әлеуметтік желіден естідім. Байқауда қатысушылар өздерінің осы уақытқа дейінгі жетістіктері, өнері, жан-жақты қарым-қабілеттері бойынша бақ сынады. Нартәуекел деп комиссия мүшелеріне құжаттарымды тапсырып, осы уақытқа дейінгі жетістіктерімді дәлелдейтін құжаттарымды қоса жолдадым»-, дейді М.Мұқанова.
Бүгінде Мақат кенті әкімі аппаратында электронды үкімет порталының маманы болып қызмет атқаратын Мария, сан қырлы талантының арқасында «Әділетті Қазақстанның патриоты» атты республикалық байқаудың да жеңімпазы атанған. Солай қос қуанышы қатар келген ол «Мені Астана қаласына марапаттау үшін шақырғанда қуанышымда шек болмады» дейді.
«Мен бала кезімнен қазақ және орыс тілдерінде ертегілер, өлеңдер жазатынмын. Жазушы болуды армандайтынмын. Қазірде осы қабілетімнің арқасында шабытым келгенде әдеби көркем сөздермен шағын әңгімелер жазамын. Шығармаларымда адамдарды мейірімді, адал, шыншыл, еңбекқор болуға үндеймін.
Одан бөлек IT саласында жақсы білемін десем де болады. Неге десеңіз мен түрлі бағдарламаларды жетік меңгеріп, сайттарды, веп дизайндарды жасай аламын. Осы секілді көп ешкім біле бермейтін қырларымды комиссия мүшелері тексеріп, екінші кезеңнен де сәтті өттім. Ұйымдастыру бөлімі хабарласып құттықтап, Астанаға "казмедиа" орталығына марапатқа шақырып, мыңдаған адамдардың арасынан мені таңдағанына өте қуанышты болдым. Марапат жоғары деңгейде өтті. Бізбен қатар эстрада жұлдыздары да марапатталды. Профессорлармен, зиялы қауым өкілдерімен бірге марапат алу мен үшін үлкен мәртебе мотивация болды. Мені төсбелгілермен, статуэтка дипломдармен марапаттады. Мемлекетіміз еңбекқор дарынды жастарды қолдап жатқанына өте қуаныштымын. Менің өмірлік ұстанымым Джон Кеннеди айтқандай «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп сұра» деген сөзі. Мен болашақта өзімнің қарым-қабілеттерімді одан әрі дамытып, сол арқылы еліміздің дамуына үлес қосқым келеді»-, дейді М.Мұқанова.
Ендеше, таланты мен білімін ұштастыра білген Марияға шығармашылық табыстар тлейміз.
Б.Асхатқызы