Жайлы мектеп — жаңа мүмкіндік

(0 Votes)

«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа білім ұялары туралы айтылғанда, педагог ретінде жүрегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Бұл — білім саласына жасалған нақты қамқорлықтың, еліміздің ертеңіне деген сенімнің белгісі.

 Жайлы мектептің басты мақсаты — сапалы білім беретін, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Өзім Атырау қаласында былтыр ғана пайдалануға берілген осындай білім ордасына басшылық етемін. Мұнда баланың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай жабдықталған кабинеттер, арнайы STEM және зертхана бөлмелері, бастауыш пен жоғары сыныпқа арналған жеке блоктар, инклюзивті білім беруге арналған қолжетімді орта – мұның барлығы әр баланың мүмкіндігін ашуға бағытталып отыр.

Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Мектепке орнатылатын бейнебақылау жүйелері, медициналық және психологиялық қолдау кабинеттері — ата-аналардың баласын сеніммен тапсыруына мүмкіндік береді.

Мұндай мектептердің салынуы — өңіріміздегі үш ауысымды оқыту проблемасын шешіп қана қоймай, білім сапасын арттыруға, ұстаздардың шығармашылықпен жан-жақты бағытта жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Біз осы мектептің алғашқы түлектерінің үлкен армандар жолына нық қадам басуына жол ашатынымызға сенімдіміз.

Атырау облысында 2023-2025 оқу жылдары 9 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның үшеуі былтыр қолданысқа берілді. Биыл қалған алтауы ашылып, шәкірттерін қабылдайды деп күтілуде.

Еліміздегі әр балаға сапалы білім мен бақытты балалық шақ сыйлайтын бұл игі жоба өміршең болып жалғаса берсе, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге кеңінен жол ашылар еді.

Ұлжан ЛҰҚПАНОВА,

жалпы білім беретін №47 орта мектеп директорының міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT