«Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы қаламыздағы үш аусымда білім алып жатқан мектептер мәселесін шешуге оңтайлы септігін тигізді. Жоба аясында 2023-2025 жылдары Атырау облысында 12 мектеп салу жоспарланған еді. Қазір соның үшеуінің құрылысы аяқталған. Алмалы ауылдық округінің Береке ауылында 1200 орындық, Сарыөзек ауылында 300 және «Байтақ» шағынауданында (бұрынғы атауы – Водник кенті) 1200 орындық жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді.
Соның ішінде «Сарыөзек» шағынауданындағы №46 жалпы орта білім беретін мектепке тоқталғым келіп отыр. Былтыр қазан айында ашылған білім ордасында қазір 407 оқушы білім алуда. Олар сол уақытқа дейін Ю.Гагарин атындағы №4 мектепке қатынап оқып келді. Жаңа мектеп ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдармен жабдықталған. Жайлы мектептердің көлемі типтік мектептерге қарағанда, 15-20%-ға кең, сондай-ақ техникалық жарақтануы да бірнеше есе артық. Мектептерде робототехника кабинеттері, STEАM бағытындағы шығармашылық зертханалар, хореография залдары, тігін шеберханасы, дизайн және ас үй мәдениеті шеберханалары, сенсорлы кабинет, кітапхана, 1 спорт залы қарастырылған. Оған қоса алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар жабдықталған және барлық оқу кабинеттері жылжымалы SMART тақталармен, әр кабинетте мұғалімнің жұмыс орны (принтер, компьютер т.с.с. құралдармен) жасақталған. Бастауыш және орта сыныптар жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқытылады. Жайлы мектептердегі ең басты ерекшелік – эргономикалық кеңістіктің құрылуы және табиғи жарықпен жабдықталған кең сыныптар. Мектептің әр блогында оқушылар мен педагогтер үшін демалыс аймақтары да назардан тыс қалмаған. Мұнда жұмсақ жиһаздар, кітаптар, музыкалық аспаптар мен үстел ойындары қойылған. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған кедергісіз орта құру мәселесі шешімін тапқан. Пандус, жеделсаты, арнайы дәретхана бөлмелері мен инклюзивті білім беру кабинеттері барлық баланың тең мүмкіндікте болуын қамтамасыз етеді. Бұл қадам елде инклюзивті білім беруді дамытуға жаңа серпін беріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың толыққанды білім алуына мүмкіндік туғызады.
Алиса ОҢҒАРӘЛИЕВА,
Атырау қалалық білім бөлімі басшысының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары