Бүгін, 29 желтоқсан күні әрқайсысының сыйымдылығы 290 орынға арналған Еркінқала ауылында «Еркетай», Береке ықшам ауданында «Шаттық» және Самал ықшам ауданында «Самғау» бөбекжай-бақшасы ашылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қала әкімі Шәкір Кейкин «Шаттық» бөбекжай-бақшасының ашылу салтанатына қатысып, заманауи технологиялармен қамтылған білім беру ұйымдарының саны кезең-кезеңімен артып келе жатқанын айтты.
- Құрметті Береке ықшам ауданының тұрғындары мен қонақтары! Жаңа жыл қарсаңында тағы да қуанышты сәт. Бүгін балаларымыздың игілігі үшін салынған тағы бір балабақша ашылып жатыр. Облыс әкімі Серік Жамбылұлы балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жан-жақты жағдай жасау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балабақша мен мектептердің санын көбейту үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Міне, бүгін сол жұмыстың бір жемісі ретінде ашылу салтанатына келіп отырмыз. Жаңа жылда әрбір отбасыға бақ-береке тілеймін. Ертеңгі жас ұрпақтарымыз аман болсын, деді Ш.Кейкин.
Балабақшада асхана, жатын бөлме, ойын, мұғалімдер бөлмесі, сондай-ақ логопед және психолог бөлмелері, спорт залы заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Асханадағы тағамдар санитарлық талапқа сай бөлек тоңазытқыштарда сақталады. Ал дәрігер бөлмесінде балаларға алғашқы көмек көрсетуге қажет дәрі-дәрмектің бәрі бар.
Әр балабақшада 35 қызметкер жұмыспен қамтылды. Балалар кіші, орта және үлкен топтардан құралған 12 топқа бөлінеді.
Ал тәрбиеленушілерді қабылдау indigo24.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.