ЗЕРТХАНАДАҒЫ ЗЕЙІНДІ ЕҢБЕК

ЗЕРТХАНАДАҒЫ ЗЕЙІНДІ ЕҢБЕК
(0 Votes)

Қарапайым қызмет, үлкен жауапкершілік. Жан-жақты кәсібилік, темірдей тәртіп пен ұқыптылықты талап ететін бұл жұмыстар  бүгінгі қоғамның негізі. Жұмысшы маман – әрдайым өндірістің бел ортасында. Олар даңққа ұмтылмайды, мінберден сөйлемейді. Бірақ солардың елеусіз еңбегі – ел экономикасын алға сүйреп тұрған нақты күш. Сондықтан олар туралы айту – тек құрмет емес, өмір шындығын мойындау.  Еңбегімен еленген осындай жандар туралы айту, оларды үлгі ету – бүгінгі буынның ғана емес, болашақ ұрпақтың да парызы.

Өндірістік басқарманың зертханасында қызмет ететін лаборанттар – мұнай сапасын бақылап, талдау жасайтын мамандар. Олардың жұмысы көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ мұнай өндірудің әр кезеңіндегі шешуші рөлге ие. Әрбір сынама мұқият зерттеліп, техникалық талаптарға сай екені анықталады. Бұл – тек кәсіби білім ғана емес, ұқыптылық пен жауапкершілікті де қажет ететін мамандық. Солардың қатарында «Жайықмұнайгаз» өндірістік басқармасының зертханасында лаборант болып еңбек етіп жүрген Асқарбекқызы Асия Ахметованың еңбегі де ерекше құрметке лайық. «Жайықмұнайгаз» өндірістік басқармасында ширек ғасырға жуық уақыт бойы табанды еңбек етіп келе жатқан ол – кәсіби біліктілігімен, еңбекқорлығымен танылған білікті маман.

Асия Асқарбекқызы 2002 жылы осы мекемеде қарапайым жұмысшы маман  ретінде еңбек жолын бастаған. Сол уақытта ол Атыраудағы политехникалық институтта геология мамандығы бойынша білім алып жүрген. 2-курста сырттай бөлімге ауысып, өндірісте еңбекпен шыңдала жүріп оқуды қатар алып жүру арқылы үлкен өмір жолына қадам басты. 2009 жылдан бастап «Мұнай дайындау және айдау» цехына қарасты зертханаға лаборант ретінде ауысып, содан бері осы салада тұрақты еңбек етіп келеді.

– Менің еңбек жолымда жолыққан ең баға жетпес тұлғалардың бірі – менің тәлімгерім, инженер-химик Усалиева Акмарал. Ол кісі тек кәсіби білім мен тәжірибе үйретіп қана қоймай, өз ісіне деген сүйіспеншілікті де бойымызға сіңіре білді. Күнделікті жұмыстағы талапшылдығы, әрбір детальға мән беруі, еңбекке деген жауапкершілігі – мен үшін үлкен үлгі. Тәлімгерімнің бағыт-бағдары мен қолдауының арқасында кәсіби тұрғыда өсіп, биіктерден көрініп келемін. Жақында ғана жүлделі І орын алғаным – тек менің емес, біз болып жеткен жетістік деп білемін. Сондай-ақ жылдан жылға мұнай өндірісіндегі сұраныс артып келеді. Қазір техника мен құрылғылар жаңарып, автоматтандыру процесі қарқынды жүруде. Бірақ сол техникадан алынған нәтижені нақтылап, сапасын анықтайтын – зертхана. Бұл оңай жұмыс емес,-деген ол заман ағымына қарай жұмысқа сұраныс артқандығын жасырмады.

23 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Асия Асқарбекқызы бүгінде мұнай құрамына терең талдау жасап, оның сапалық көрсеткіштерін шығаратын білікті маман. Мұнайдың судан, тұздан, механикалық қоспалардан тазарту процесінде зертханалық бақылау – ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл бағытта жылдамдық пен дәлдік, кәсіби сауаттылық пен үлкен жауапкершілік қажет.

– Мен зертханалық талдаулар жүргіземін. Алынған сынамалар арқылы мұнай құрамындағы су, тұз, механикалық қоспалар мөлшерін анықтаймыз. Бұл көрсеткіштер одан әрі технологиялық процестердің дұрыс жүруіне, өнім сапасының сақталуына тікелей әсер етеді,-дейді ол.

Жауапкершілігі жоғары, дәлдікті талап ететін зертхана жұмысында Асия Асқарбекқызы өзін тәжірибелі де талапшыл маман ретінде көрсете білді. Бүгінде жас мамандарға үлгі боларлық кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Жыл сайын өткізілетін «Үздік маман» байқауында ол биыл да, былтыр да бірінші орынды иеленіп, өз саласындағы үздік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кейіпкеріміз Асия – Аққыстау ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Атырау қаласында тұрады. Отбасылы, жұбайымен бірге екі қыз тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Түркияның Ыстамбұл қаласында жоғары білім алуда, кіші қызы Атыраудағы жоғары оқу орнының 3-курс студенті. Қызметіне адал, отбасына қамқор, ұрпағына үлгі бола білген Асия Ахметованың өнегелі еңбек жолы  мұнай саласындағы аянбай тер төгіп жүрген мамандардың шынайы бейнесін айшықтайды. Қазір өндіріс тек еңбекпен емес, білім мен біліктілікпен дамитын заман. Кейіпкеріміздің зертханадағы жұмысы – мұнай саласының маңызды тетігі. Оның бай тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы  жас мамандар үшін үлгі болмақ.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT