23 маусымнан бастап елімізде «Заң мен Тәртіп» атты ақпараттық-түсіндіру апталығы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық деңгейде өткізіліп жатқан бұл шара аясында прокуратура, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, қаржылық мониторинг органдары мен әкімдіктер бірлесіп, азаматтарды қабылдау ұйымдастыруда. Қабылдаулар облыс және қала орталықтарындағы ірі сауда орталықтарында, ХҚКО-ларда өтуде. Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарға құқықтық кеңес беру, заңнаманы және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ жүйелі мәселелерді анықтау.
Апталықтың алғашқы екі күнінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері 8 мыңға жуық азаматты қабылдады. Өтініштер әртүрлі тақырыптарды қамтыды: жер мәселелері, тұрғын үймен қамтамасыз ету, балалар қауіпсіздігі, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдер және өзге де өзекті мәселелер. Бұл акция – заң мен тәртіп қағидаттарын түсіндіру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Мемлекет тек заң талап етуші ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғауға көмектесетінін әрбір адам білуі маңызды.