«Заманауи АЭС қоршаған ортаға қауіпсіз»

«Заманауи АЭС қоршаған ортаға қауіпсіз»
фото: azertag.az
(0 Votes)

06 Қыркүйек, 2024 50 Атом электр станциясы энергия тапшылығын жоя ма? Оны салған соң электр энергиясының бағасы арзандай ма? Бұл қоршаған ортаға қаншалықты қауіпсіз? Міне, осы және өзге де сауалдарды біз еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановқа қойып көрген едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

- Ең бірінші сауал, Қазақстанға АЭС не үшін керек?

- Өте орынды сұрақ. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің кезекті халыққа Жолдауын жариялады. Ол онда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтетінін айтты.

«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек» деді Президент.

Міне, мен де осы сөздерге толықтай қосыламын. Шынымен де, соңғы уақытта елімізде электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе күрделеніп барады. Біз қазір 100 млрд теңгенің үстінде өзге елдерден энергия сатып алып отырмыз. Ал, оны тұтыну қарқыны жыл сайын 3 пайызға артып келе жатыр. Бұлай жалғаса берсе, 10 жылда энергия қуатының тапшылығы 30 пайызға жетіп жығылатын болады. Бұл мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне үлкен қауіп төндіріп тұр деп ойлаймын.

Екіншіден, электр энергиясын өндіру станцияларының 70 пайызы көмірмен жасайды. Оның 70 пайыздан астамы әбден тозып біткен. Бұл қоршаған ортаға зор зиян тигізуде. Ал, еліміз жасасқан халықаралық шарттарға көз жүгіртсек, онда «көмір пайдаланатын станциялар 2060 жылдан кейін мүлде болмауы керек» делінген. Ендеше, осы айтылған мәселелерді шешу үшін де АЭС салу қажеттігі туындап отыр.

- Халықаралық тәжірибе қандай?

- Қазір әлем бойынша 415 ядролық реактор жұмыс жасап тұр. Тағы 60 реакторыдң құрылысы жүріп жатыр. Ең көбі АҚШ-та 94, Францияда 56, Қытайда 56, Ресейде 36, Оңтүстік Кореяда 26, Жапонияда 12 және сол секілді. Олардың жұмыс жасау мерзімі 60, тіпті, 100 жылға дейін жетеді.

- АЭС салынған соң, оны игеретін елімізде мүмкіндік бар ма?

- Бүгінде елімізде екі ірі ғылыми орталық бар. Оның бірі – Курчатов қаласында орналасқан Ұлттық ядролық орталық болса, екіншісі – Алматы қаласындағы Ядролық физикалық институт. Осы орталықтар мен «Қазатомөнеркәсіп» секілді компанияларды қоса алғанда, барлығы 15 мыңнан аса сала мамандары жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, ядролық энергия, физикалық энергия, ядролық физика және атом энергиясы мамандықтары бойынша 253 адам жоғары білім алуда.

Одан басқа, расталған уран қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орын алады. Ал, оны бүгінде бүкіл әлемдік нарыққа шығарып сату бойынша бірінші орынды бермей келеміз. Демек, АЭС салынған кезде энергия бағасы едәуір тұрақталады және қолжетімді болады деп ойлаймын.

- АЭС экологияға зиян тигізбей ме?

- Рас, әлемде атом электр энергиясы қолданыла бастағалы бірнеше апаттар орын алған болатын. Бірақ, халықаралық сала мамандарының айтуынша, қазіргі станцияларды бұрынғылармен салыстыруға мүлде келмейді. Олар табиғатқа да, адамдар мен басқа да тіршілік иелеріне қауіпсіз. Заманауи станциялардың құрылыс құнының 40 пайызы қауіпсіздік жүйелеріне жұмсалады.

Сондықтан да, егер болашағымыз бен Тәуелсіздігіміз үішн алаңдайтын болсақ, мәңгілік елге айналғымыз келсе, АЭС салған дұрыс деп санаймын. Күндердің күнінде «қара алтын» мұнайымыз бен көгілдір газымыз да сарқылып бітеді. Сол кезде келешегіміз не болмақ? Ендеше, мемлекетіміздің АЭС салатын мүмкіндігі барда шұғыл шешім қабылдау қажет.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT