8 желтоқсан күні Атыраудағы тергеу изоляторында рентген аппараты арқылы сәлемдемелерді тексеру кезінде ыстық тамақтың ішіне жасырылған 4 ұялы телефон табылды. Бұл сәлемдеме есірткі мен қаруды заңсыз сақтағаны үшін уақытша қамауға алынған күдіктіге арналғаны анықталды.
- Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының нәтижесінде заңсыз сәлемдеме иесіне жетпей, заңбұзушылықтың алды алынды. Қазіргі таңда 24 жастағы «курьер» ұсталды. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
Қазіргі таңда тергеу изоляторына әкелінетін барлық сәлемдемелер «Адани» рентгендік аппараты арқылы тексеріліп, заңсыз сәлемдемелердің жолы кесіледі.
Айта кету керек, өткен аптада йогурттың ішінен жасыл түсті шөп пен дәрі-дәрмек табылған болатын. Табылған заңсыз сәлемдеме сараптамаға жіберілді.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызметі