Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумында Волонтерлікті дамытудың жаңа Жол картасын жасауды ұсынды, деп хабарлайды Ақпарат тілшісі.
«Бізге бұл жұмыстарды волонтерлік пен филантроптық қызмет қоғамда берік тамыр жайғанша жалғастыра беру керек. Осы тұрғыдан алсақ, келесі қадамдарды жасауымыз керек.
Біріншіден, стратегиялық ұстанымдарды айқындайтын жаңа Жол картасы керек. Осындай құжатты әзірлеу керек. Бұл құжат волонтерлік қызметке қуатты серпін беріп, оның алдағы жылдардағы бағытын айқындауға тиіс.
Екіншіден, волонтерлік пен қайырымдылық жұмыстың есептілік жүйесін енгізу керек. Бұл бастама волонтерлік қызметті заңнама деңгейінде ынталандырудың тиімді тәсілдерін енгізуге көмектеседі», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, волонтерлік қызмет бұдан әрі кеңірек тамыр жаю үшін гранттар неғұрлым ұзақ мерзімге бөлінуі керек.
«Үшіншіден, волонтерлік қызмет ұзақ мерзімді гранттар енгізу арқылы қолдау табуға тиіс. Бұл тұрғыда қоғам мен жеке салымшылар арасында, ұлттық және халықаралық донорлар арасында орнықты әріптестікті ілгерілету маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.