Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов "ТШО" компаниясының жетекшілері және тиісті құрылым басшыларымен шұғыл жиын өткізді.
Себебі, Теңіз мұнай кен орнына қарасты Ватернас вахталық жатақханасынан коронавирус жұқтырған тағы 9 адам анықталған болатын. Олар бірнеше күн бұрын аталған инфекцияны жұқтырған 50 жастағы әйелмен жақын байланыста болғандар. Сол күні оларды оқшаулап, дереу анализдері алынған еді.
Сонымен қатар, вирустың жаппай таралмауына жол бермеу үшін Жылыой ауданы бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 8-сәуірден бастап «Ватернас» 14 күнге карантинге жабылған болатын. Жұқтырғандармен жақын және жанама байланыста болғандар алдын ала арнайы дайындалған 109 орындық карантиндік стационарға орналастырылды.
Облыс басшысы "ТШО" компаниясының жетекшілерімен тиісті органдарға біріге отырып сақтық шараларын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.