Атырауда Қазақстандағы тұңғыш индустриялық-инновациялық оқу полигоны өз жұмысын бастады. Бұл бірегей алаң студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өндірістік жағдайға бейімделуіне және заманауи инженерлік құзыреттерді меңгеруіне жол ашады. Полигон – білім мен ғылымды, инновация мен индустрияны тоғыстыратын жаңа буын инженерлерін даярлаудың тиімді құралы.
Салтанатты іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген, UTEBAEV UNIVERSITY Басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова, университет ұжымы мен студенттері қатысты.
Аталған полигонда студенттер жер қойнауын барлаудан бастап мұнай өнімдерін өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің барлық кезеңін тәжірибеде меңгереді. Сондай-ақ, жергілікті компаниялармен және халықаралық серіктестермен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынып, өндірістік сертификаттау жүйесі енгізіледі. Жоба университеттің ғана емес, жалпы өңірдің ғылыми-өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл бастама ҚР 2023–2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асуда.
– 2015 жылдан бері біз дуалды оқыту жүйесін дамытып келеміз. Теорияны өндіріспен ұштастырудағы алғашқы серіктестеріміздің бірі – «Ембімұнайгаз» АҚ. Полигонды іске қосу – жоғары тұтқырлы мұнай өндіру мен өңдеуде жаңа технологияларды меңгерген білікті кадрлар даярлауда маңызды қадам, – деп атап өтті ректор Гүлзада Шакуликова.
Төрт гектар аумақта зертханалар, оқу-өндірістік алаңдар, тәжірибелік қондырғылар және инновациялық шешімдерді сынақтан өткізу аймақтары орналасқан. Мұнда студенттер білім алумен қатар нақты өндірістік міндеттерді шешуді үйренеді.
Полигон жұмысына жасанды интеллект (AI) элементтері мен цифрлық технологиялар енгізілуде. Әсіресе, цифрлық кен орындарының егіздері (digital twins) процестерді модельдеуге, тәуекелдерді азайтуға және оқу барысында шынайы өндірістік жағдайларды қайта жаңғыртуға мүмкіндік береді. Бұл студенттерге қондырғылардың жұмысын виртуалды ортада сынап көруге, апаттық жағдайларды болдырмау бойынша шешімдерді пысықтауға және тиімді өндірістік стратегияларды әзірлеуге жол ашады.
Оқу-өндірістік полигон Батыс Қазақстандағы техникалық білім берудің жаңа кезеңін бастап, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға зор серпін береді.