Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз кеңесіне қатысып, ұстаздардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды.
“Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар”, – деді Президент. Ол елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты екенін баса айтты.
Шын мәнінде, мұғалім – тек пән үйретуші емес, ол – адамгершілік, ізгілік пен отаншылдық қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіруші. Олардың еңбегі ел дамуының іргетасын қалайтын көрінбейтін күш іспетті.
Сондықтан ұстаз мәртебесін көтеру, білім беру саласының сапасын арттыру – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта жасалған әр қадам – болашаққа жасалған инвестиция.
Ж.Қамза