ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ: Атырауда асық жинайтын ұстаз тұрады...

ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ: Атырауда асық жинайтын ұстаз тұрады...
(0 Votes)

Бүгін, яғни, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Осы орайда, мектеп табалдырығын аттап келген бүлдіршіндерге әріп үйретумен қатар, қазақтың ұлттық асық ойынын дәріптеп жүрген Қ.Сәтпаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Эльвира Ақбатырова туралы әңгімелемекпіз, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Ұмыт болып бара жатқан ұлттық ойынды атыраулық ұстаз біраз уақыттан бері өзінің оқушыларына сабақ барысында насихаттап жүр. Бүгінде ол 200-ге жуық асық жинапты. Бұрындары дүниеге ұл келсін деп ниеттенгендер асық жинаған екен. Сол секілді Эльвира Сатанқызының ата-енесі алғашқы немересі туыла салысымен асық жинай бастайды. Олар «немереміздің соңынан ере берсін және өскен кезде ойнасын» деген ізгі мақсатты көздеген. Мал сойылғанда немесе қонаққа барғанда асық алып, оны тазалап жуып, кептіріп, бояуды әдетке айналдырған.

«Бұрын біз Қызылқоға ауданында тұрдық. Үш ұлым ата-енемнің жинаған асығымен ойнап өсті. Кейінірек Атырауға қаласына қоныс аудардық. Олар ер жетіп кеткен соң асықтар елеусіз қалмасын деп, оқыту процесінде қолдана бастадым. Бастапқыда қалай қабылдар екен деген күмән болды. Өйткені қазір қала баласы асық ойнамайды. Тіпті оның не екенін білмейтіндері де бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өзімде бар 200-ге тарта асықты мектепке апарып, балаларға көрсеттім. Оқушылар өте қатты қызықты. Кейбірі үйіне алып кеткісі келді. Осыдан соң кейбір оқушыларым асық жинайтын болды. Содан ұлдарға асық ату, ал қыздарға бес асық пен ханталапай ойындарын үйреттім. Асықты тастағанда, тұрғаны не алшы, не тәйке, не омпа болады да, жатса не бүк, не шік болады. Қазір осылардың бәрін біледі балалар. Бұдан бөлек, 1 сынып оқушыларына асықтан әріптерді құрастыруды үйреттім. Бұл олардың қолының моторикасының дамуына ықпалын тигізеді», – дейді мұғалім.

Эльвира Ақбатырованың асық жинайтынын білетіндер асық қоржынын толтыруға үлесін қосып жүр. Өздері де ата-енесі секілді қонақа барғанда асық болса, алып кетуге тырысады. Үйіне әкеліп, тазалап, кептірген соң түрлі түске бояйды. Мәселен, оларды хнамен, қою шаймен және жүн бояуларымен түрлі реңк береді. «Асықпен бірнеше ойын түрін ойнауға болады. Сондай-ақ, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол. Яғни, жүгіру, иілу, жүру, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру мен ату сияқты әртүрлі қимылдарды жасайды. Ойында барысында қимыл-қозғалыс та көп болады, – дейді Эльвира Сатанқызы.

– Қазір балалардың басым бөлігі телефонға телміріп отыратыны қынжылтады. Асық ойнап өскен бала мерген, көзі қырағы, қолы икемді, қиымылы шапшаң болады, ойлау қабілеті жақсарады, түстерді ажырата біледі. Әсіресе, бастауыш сыныптарында сергіту сәттерінде пайдалануға керемет. Ұмыт болып бара жатқан асық ойынын қолымыздан келгенше дәріптесек деймін».

Асық ойнаған азбайды. Ол – ұлттық құндылығымыз. Олай болса, өскелең ұрпаққа ұлттық ойындарымызды үйрете жүрейік. Өйткені ата дәстүрін ардақтау және оны насихаттау – әр адамның міндеті.

Эльмира Мықтыбаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT