Ұлттың иммунитеті сыналар сәт

(1 Vote)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Үндеу жариялап, елде алғаш рет енгізіліп отырған төтенше жағдайдың жөнін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Қазақстанда бір айға жуық мерзімде санитарлық-эпидемиялық шаралар күшейтіліп, қауіпсіздікке басымдық беріледі. Бұл – ең әуелі халықтың амандығы үшін қабылданған шешім екені анық.

Қазір бүкіл дүние дүрлігіп, жер-жаһан жабырқап тұр. Әлемнің дамыған елдерінің өзі ахуалды жеткілікті бағамдай алмай, абдырап қалған жайы бар. Алпауыт мемлекеттер пандемиялық індеттің алдында дәрменсіз. Коронавирус бүгінде 158 елден табылып, 170 мыңнан астам адамға жұққан. Өкінішке қарай қайтыс болғандар саны 7 мыңға жақындап қалды. Әсіресе талай өркениеттің тал бесігі саналған Италия мен Иран қауіп ошағына айналған. Франция, Германия, Испания секілді елдерде де науқастар саны күн санап артып барады.

Індеттің дәл осылай жедел тарауы әлемдік экономикаға да зор соққы болып тиді. Пандемия салдарынан жер-жаһанның туризмі тоқырап, шартарапты шарлайтын жиһанкездер саны күрт азайды. Тіпті, Ислам әлемінің қасиетті мекені Меккедегі Қағба да тәу етушілерге есігін жапты. Бұған дейін ию-қию болып жататын тарихи мекендер бүгінде мүлгіген тыныштыққа оранған. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, әлем коронавирустан ентігіп тұрғанда мұнай бағасы да құлдырады. Бұл да әлемдік экономикаға қосымша соққы болды. Теңгеміздің құлдырап, доллардың өсуі де жағдайды күрделендіре түскені белгілі.

Еліміздің негізінен сырттан келетін тауарларға тәуелді екені жасырын емес. Әсіресе дәрі-дәрмекті шетелден экспорттаймыз. Тіпті, бетке тағатын маска да жеткілікті болмай шықты. Бұл орайда әр қиындық бір мүмкіндіктің бастауы екенін ұмытпайық. Осы сәтті ұтымды пайдаланып, елдегі шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті, әсіресе фармацевтика саласын дамытудың, сол арқылы ұлттық экономиканы өркендетудің сәті келіп тұрған сияқты. Бір айта кетерлік жайт, осы дүрбелеңді пайдаланып, қолдан қымбатшылық тудырып, бағаны шарықтатып жіберетіндерге шара қолдану қажет.

Әрине мұндайда бейғамдыққа салынбай, үрейге бой алдырмай, прагматикалық шешім қабылдау нәтижесін береді. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескерткендей, вирустың таралуын күтпей ерте әрекет еткен жөн. Осы орайда Президенттің елімізде төтенше жағдай жариялау жөніндегі Жарлығы – құптарлық шешім. Өйткені дәл қазіргі сәтте әр сағаттың қымбат екенін Италия мен Оңтүстік Кореядағы ахуал көрсетіп берді. Мәселен, Апеннин түбегінде індет алғаш тіркелгенде халық немқұрайлы қарағанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп отырдық. Бірақ пандемия күш бермей кеткенде қабылданған шешімдер кеш жасалғанын анық аңғартты. Оның үстіне үрейге бой алдырған тұрғындар бей-берекет көшіп, дүкендерге ұзын-сонар кезекке тұрып, әбден абдыраған. Мұндай дүрлігу үрейді қоздырып, байсалды әрекет жасауға кедергі келтіретініне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Коронавирустан туған әлемдік пандемия –халықаралық қоғамдастыққа ғана емес, Қазақстан үшін де үлкен сынақ. Алайда Президент айтып өткендей, еліміз мұндай зауалдың талайын бастан өткерген. Намыстан жаралған, береке-бірлікті ту еткен халқымыз қабырға қайыстырар қиындықтарға да мойымай, бұдан да зор алапат апаттардан аман шыққан. Еліміз бұл жолы да төтеннен келген қиындықты жеңіп шығатынына еш күмән жоқ.

Әр нәрсенің бір қайыры бар деген, осындайда оқшаулану қым-қуыт тірліктен қол босатып, отбасымызға, ет жақындарымызға көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Дүрбелең дүниеде дүрмекке ілесіп алып, өзіміздің ішкі әлеміміздің терең тұңғиығына үңілуге, жүрегіміздің үнін тыңдауға, отбасымыз бен ет бауыр жақындарымызға жете көңіл бөлуге, балаларымызбен бір дастарқан басында ас ішіп, әңгімелесуге, кітап оқуға, рухани кемелдену жолы мен кісіліктің кілтін іздеуге уақыт таба алмай, әйтеуір сабылып, тойдан тойға шабылып, бітпейтін жиындармен сарсылып жүргеніміз жасырын емес. Әсіресе кезінде Абай айтқан, алайда әлі күнге арыла алмай жүрген «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты жат қылықтардан құтылып, арыла түскен жөн. Тойды тыйып, төтенше жағдайға сәйкес, мүмкіндігінше адам көп жерге бармау керек. Осылай қазақтың тойы да дарақылықтан ада болып, прагматикалық жүйеге түсер.

Елімізде анықталған коронавируспен ең алғаш күресетіндер дәрігерлер екені белгілі. Өйткені індеттің таралмауына бірінші болып жауап беретін осы ақ халатты абзал жандар. Ендеше, вируспен күресіп жүрген дәрігерлерге қолдау көрсеткеніміз жөн. Ұлт ретінде иммунитетіміз сыналар осы сәтте қалам ұстаған қауымға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Санаға сіңетін сансыз сыпсың сөз бен қисынсыз қауесет вирустан да қауіпті екенін ұмытпайық. Жұрттың жұдырықтай жұмылып, тексерілмеген мәліметті таратпай, тек ресми жаңалыққа иек артқаны абзал. Сенімді ақпарат көздеріне ғана жүгініп, арандатушылыққа бой алдырмаған жөн. Сақтық шараларын жасайық, сабырлы қалпымызды сақтайық!

Президентіміз айтқандай, біздің болашағымыз – біздің ғана қолымызда!

egemen.kz

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT