Тыныштық үшін құрбан болғандарға тағзым

Тыныштық үшін құрбан болғандарға тағзым
(0 Votes)

Бүгін Атырау қаласында Ұлттық ұланның 5546 әскери бөлімінде 2016 жылы Ақтөбе қаласында орын алған лаңкестік шабуыл кезінде қаза тапқан сарбаздарды еске алу іс-шарасы өтті. Қанды оқиғаға биыл тоғыз жыл толып отыр.

Республика Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, еске алу рәсімі бөлім аумағында өтті. Салтанатты сап түзеу барысында жеке құрам бір минут үнсіздік жариялап, ел тыныштығы жолында жанын қиған әріптестерінің рухына тағзым етті. Жиынға әскери бөлім басшылығы мен ардагерлер қатысты. Олар қайтыс болған жауынгерлердің ерлігі мен әскери борышқа адалдығын атап өтті.

— Бұл — тек Ұлттық ұлан үшін емес, бүкіл ел үшін ауыр күн болды. Қаза тапқандар – өз қызметіне адал, Отан алдындағы парызын абыроймен орындаған азаматтар. Олардың есімі мәңгі жадымызда қалады, — деді әскери бөлім командирі, подполковник Самет Құлахмедов.

Айта кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбе қаласында қарулы топ әскери бөлім мен қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасаған болатын. Сол оқиғалар кезінде құқық қорғау органдарының бірнеше қызметкері қаза тауып, бірқатар адам жараланған. Шабуыл кезінде Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері — қатардағы Досбол Сапар, кіші сержант Берікжан Калиев және майор Даниэль Майлыбаев ерлікпен көз жұмды.

Бүгінгі жиын — сол боздақтарды ұмытпау, олардың рухына құрмет білдіру және жас сарбаздарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT