Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажеттігін ашық айтты. Және Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс екендігін де сөзге тиек етті. Жақында ауданымыздағы маңызды ғимараттардың бірі Халыққа қызмет көрсету орталығында осы бастама бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кеңсе заманауи цифрлық жүйе форматында аудан тұрғындарына есігін қайта ашты. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары арнайы барып, жаңартылған нысанның лентасын өзі кесті.
Бүгінгі таңда мессенджердегі қарым-қатынас, онлайн төлемдер мен электрондық қызметтер қарапайым кез келген адамның күнделікті тірлігіне айналып кеткені рас. Алайда заманның жаңашылдыққа жол бастайтын мүмкіндіктерінің арқасында қазақстандықтар ел экономикасының даму қарқынын жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын мұндай қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ реттеуде. Оған себеп "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы. Бұл жоба арқылы еліміздің әрбір азаматының өмірі жеңілдеп, қоғамның барлық дерлік сатысы цифрлық жүйеге сәйкестендірілген. Аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында ауданымызда да ауқымды жұмыстар атқарылып, ХҚКО бір қадам жаңа жүйеге жол бастады. Жуырда ғана халыққа қайта ұсынылған ғимараттың салтанатты түрде ашылуының себебі де осы еді.
Орталықтың жаңа келбетін өз көзімен көріп, цифрлық мазмұндағы бөлімшенің ашылуымен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Әлібекұлы: -Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Халыққа қызмет көрсету орталығында жаңа форматта цифрлық кеңсе ашылды. Жаңа бөлімшенің бір ерекшелігі тұрғындар кеңседегі қызмет көрсету аумағын арнайы дизайнда көрсетілген түстер арқылы ажырата алады. Сонымен қатар ауданымыздың тұрғындары көліктерінің мемлекеттік нөмірлерін бірден осы жерден тіркеп, Атырау қаласына бармай-ақ жүргізуші куәліктерін аудан орталығынан ала алады. Алдағы уақытта осы бағытта халыққа жүйелі жұмыс атқарылады деген сенімім мол,-деді өз сөзінде.
Жаңа цифрлық кеңсенің “Күлгін түсті аймағында” тұрғындардың құжаттарын қабылдау, “Жасыл аймағында” - дайын құжаттарды табыстау, “Қызыл аймағында” - азаматтарды құжаттандыру және “Сары аймағында” - әлеуметтік қызмет саласы бойынша жұмыстар жүреді. Сондай-ақ ауданымыздың халыққа қызмет көрсету орталығы ендігі кезекте мемлекеттік қызметтерді көрсетуге өтініштерді қабылдап және олардың нәтижелерін көруді қалайтын қызметті алушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс атқаратын болады. Орталықта ЭЦҚ-ны оператордың көмегінсіз дербес ала алатын байланыс аймағы да бар. Мұнда тұрғындардың “EGov mobile” мобильді қосымшасы арқылы қызметтерді алуына компьютерлер орнатылып, мамандардың азаматтарды цифрлық сауаттылыққа үйретуіне мүмкіндіктер қарастырылған.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ