Тұрақты даму жолындағы жылдар

(0 Votes)

Соңғы 6 жылда Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл табыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығының, елдегі бірлік пен тұрақтылықтың, дұрыс бағытталған мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды.

 Қазақстанның осы кезеңдегі жетістіктері туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың жуырда жарияланған мақаласында егжей-тегжейлі баяндалды. Әрине, бұл жылдар ішінде түрлі қиындықтар мен сын-қатерлер де болды. Атап айтқанда, 2020 жылдың қысында басталған пандемия, әлемдік державалар арасындағы экономикалық қайшылықтар, тіпті әскери қақтығыстар жаһандық экономикаға әсер етіп, экономиканың жаңа талаптарға бейімделуіне әкелді. Осындай күрделі жағдайларға қарамастан, Қазақстан тұрақты мемлекеттік саясатты ұстанып, осы бағытта алға жылжуын жалғастыруда.

Үкімет басшысы атап өткендей, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың АҚШ долларын құрап отыр, ал 2024 жылдың соңына қарай ШОБ өндірген өнім көлемі 288 миллиард долларға жетпек. Бұл – Қазақстанның жоғары табысты елдер қатарына жақындай түскенін білдіреді.

Бұл жетістіктер ел экономикасының негізгі секторларының, әсіресе өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамуымен байланысты. Бұрын экономикада басымдық шикізат өндірісі мен экспортқа, әсіресе мұнай-газ секторына берілсе, бүгінде бұл бағыт өзгеріп келеді. Бұл – үлкен жетістік. Алдағы уақытта Қазақстанның экономикалық драйвері мұнай-газ секторы емес, өңдеу өнеркәсібі болмақ. 2019-2024 жылдары аралығында өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 31,4%-ға, құрылыс саласы 96,3%-ға артты. Сонымен қатар, 2018 жылы Қазақстан экспортының 74,5%-ын шикізат құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 63,5%-ға дейін төмендеді. Яғни, елде өндіруші және өңдеуші салалар арасындағы теңгерім қалыптасып келеді.

 Бұл өзгерістер Атырау өңірінде де байқалады. Атырау облыстық мәслихатының депутаты ретінде мен аймақта өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс саласын өркендету бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатқанын көріп отырмын. Мәслихат отырыстарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты нақты шаралар қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясы саласы қарқынды дамып келеді. Премьер-Министр атап өткендей, Атырау облысындағы KPI зауыты – осы бағыттағы ірі жобалардың бірі. Бұл – шикізатты өңдеуге негізделген экономиканың дамуының айқын дәлелі. Орталық Азиядағы ең ірі полипропилен өндіру зауыты болып саналатын бұл кәсіпорын елдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Мемлекет үшін маңызды мәселелердің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. 2024 жылы Қазақстанның басым бөлігінде болған су тасқынына қарамастан, мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде рекордтық деңгейде өнім жиналды. Атырау облысы ауыл шаруашылығы үшін қолайсыз аймақтардың бірі болғанымен, ғалымдар мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми жобаларын жалғастыруда. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұхамбетовтың зерттеу жобаларын атап өтуге болады.

Мемлекеттік саясаттағы үлкен жетістіктердің бірі – инфрақұрылымдық даму. Кеңес заманынан қалған ескі нысандар, әсіресе жылу электр станциялары жаңғыртылуда. Атырау облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазақстанда тұрғын үй құрылысы 2018 жылмен салыстырғанда 51,4%-ға өсіп, 2024 жылы 19 млн. шаршы метрге жетті.

Елімізде газдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бүгінде Атырау облысы 100 пайыз газбен қамтылған өңірлердің бірі болып отыр.

Үкімет жұмысының басты нәтижесі – халықтың әл-ауқатын арттыру. 2019 жылдан бері халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін өсті. Бұл – елдегі әлеуметтік саясаттың, денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістердің және халықтың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауының нәтижесі.

2019 жылдан бері Қазақстанда мектеп құрылысы ерекше қарқынмен жүріп жатыр. Соңғы 6 жылда 1 миллион оқушыға арналған 1200 мектеп салынды. Біздің өңірде, Атырауда, 2023 жылы екі заманауи BINOM мектебі пайдалануға берілді.

Қол жеткізілген жетістіктер қуантады. Олар Мемлекет басшысының тұрақты саясатының жемісі. Бұл – халқымыздың жетістігі және еліміздің тұрақты дамуын қолдаудың айқын көрінісі.

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, Атырау облыстық мәслихатының депутаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT