Қазақстан үкіметі 5 шілдеден бастап карантин жариялау туралы ұсыныс жасады.
«Үкімет 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау туралы (ол ұзартылуы да мүмкін) жоспарын ұсынды. Ертең ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін денсаулық сақтау министрі түсініктеме береді», — деп жазды президент Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда COVID-19 таралуын тоқтатуға байланысты 3 сценарий ұсынған болатын. Ведомство басшысы айтқан үш жолдың бірі — барша ел бойынша екі аптаға қатаң карантин жариялау. Ол көктемдегідей карантин енгізілсе, елде тәулігіне ауруханаға жатқызылуы тиіс жеті мың науқас болатынын алға тартты. Министрдің айтуынша, тамыз айының соңында ауруханаларда 80 мың орын қажет болады.