Той бизнесі тұралап тұр

(0 Votes)

Төрткүл дүниенің төбе шашын тік тұрғызған аты жаман аурудың әупірімдеп жүріп бүгінде беті бері қарай бастағандай. Әңгімемізге арқау болып отырған "COVID-19" деп айдар таққан аты өшкір дерттің денімізден бөлек күйбең тіршілігімізге дейін дендеп алғаны сағымызды сындыра қоймасада, сан саланы сергелдеңге түсіріп қойды. Соның бірі қазақтың бітпесін деп тілейтін тойы һәм тойхана сферасы.

Кезінде той үстіндегі тәтті күндерге талай куә болған хан сарайындай той сарайларының бүгінде қаңырап тұрғаны көңіл құлазытады. Дүние дүрлігіп, коронавирустың дауылы тұрғалы "дүрілдеп, гүрілдеп" тұрғандардың біразы есеңгіреп қалды. "Той - халықтың қазыназы" деп жиған-тергенін тойға шашатын елдің ертеңгі тапсырысына сеніп біраз дүниені қарызға алып алған тойхана иелері мен тойға қызмет ететін асаба, операторлардың бүгінгі халі қалай? Осы ретте, ауданымыздағы маңдайалды мейрамхана иелері мен танымал тамадалармен байланысып көрдік.

   Мамандығыммен қайта қауыштым

index145

 Ауызында жүйелі сөзі бар, тыңдарманын тыпыр еткізбей, жиылған жұртшылықты өзіне қарата алатын азулы асаба болу да екінің бірінің қолынан келе бермейтін тірлік. Асабалық өнерімен аудан жұртшылығына есімі жақсы таныс Доссорлық Шалқар Оңайбековті "шашасына шаң жұқтыртпай" шауып келе жатқан шағында бүгінгідей қарбалас қана тоқтатты. Асабамыз астына темір тұлпардың қымбаттау түрін тақымдап жатқан шағы да сол-ақ еді. Қас қылғандай карантин режимі енгізіліп, сағызша созыла кетті.

Алайда, адамның ризығы өлшеулі екенін есінен шығармайтын Шалқар: "Бір ғана тойға байланып қалған жоқпыз ғой, Алла берерін қай жерден болса да береді. Мен бұл көлікті қандайда бір қарыз немесе несиеге алған жоқпын. Ақ адал маңдай теріммен тапқан қаржыны әуелі жинақтап, содан кейін ғана  алған едім. Той - алыс-жақын ағайынның басы қосылып араласатын бірден-бір орыны ғой. Жалпы, ішімізде "қазақты тойдан айырмағанда ғой" деген қынжыл бар. Той деп халықтың ортасында жүргеніме он, он бір жыл болып қалған екен. Етіміз үйреніп қалғасын ба, азды-көпті табыс тапқандікі ме әйтеуір басқа салаға мойынымыздың бұрылуы бұған дейін сәл қиындау еді. Енді, "әр нәрсенің бір қайры бар" демекші осы карантиннің арқасында өзімнің негізгі мамандығыма оралдым. Қазір мұғалім, ағай болып жүрген жайым бар. Б.Қанатбаев атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінен сабақ беремін",- дейді.   

Сұқбаттасудың реті келіп тұрған сәтте қазіргі карантин ережесімен өтіп жатқан шағын тойлар мен бұрынғы үлкен тойлардың айырмашылығын сұрап үлгердік. Айтуынша, асабамызға екі тойды басқару да көп қиындық келтірмейді екен. "Бір байқағаным қазір талаптанған ұл-қызына ақ батасын алу үшін тек қариялар жағын шақыратын болғандықтан, үйдің ішінде сөз тыңдалады. Бұйыртса той бұрынғы қалына қайта келгенде, карантин көп адамға сабақ болып, тойға өзгерістер еніп ел бір жинақталса деймін. Айталық  той өз уақытында басталып, топырлатып көп адамды шақыра беруден тиылса. Ысырап деген нәрсенің байыбына бара білсе",- деп сөзін аяқтады ол.

А.САДЫКОВ  


 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT