"Арнайы комиссия базалық өндіріс және Теңіз кенішіндегі Болашақ нысандарына барып, өндірістік базалардағы санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталу деңгейін тексерді" деп хабарлайды аймақтық шұғыл штаб.
Арнайы комиссия мүшелері 3GL алаңындағы жұмыстың үйлестірілу процесімен танысты. Карантин жағдайында мұнда 126 адам жұмыс істеп жатыр. Өндірістік бригадалардың жұмысы жасыл және қызыл аймақтарға бөлінген. Жұмысшыларға тек өз учаскелерінің аумағында ғана қозғалуға рұқсат етілген.
Сондай ақ комиссия 3GP, яғни, үшінші буын зауытын аралады. Зауытта қазіргі таңда 1600 адам жұмыс істеп жатыр. Олар да арнайы топтарға бөлінген. Әр топты тасымалдайтын транспорттар бекітілген.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, бірінші және екінші буындағы зауыттардың жұмысы аса маңызды. Сондықтан, ерекше жағдайды қажет етеді. Өндірістік алаңдарда санитарлық нормалардың және әлеуметтік ара қашықтықтың сақталу барысы тексерілді.
Және бірінші қажеттіліктегі мамандардың тасымалы мен тамақтану жағдайы да бақыланды. Өндірстік нысандардағы ахуалмен танысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және қызметтер сапасы мен қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов ТШО жобаларындағы санитарлық нормалардың сақталу деңгейіне оң баға берді.
Инспекция қорытындысымен Теңіз кенішіндегі коронавирустың кеңінен жайылып кетуінің алдын алудың іс-шаралар жоспары бекітілді. Арнайы комиссия жұмысы жалғасуда.
Еске сала кетелік, Теңіз кенішінде Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Ержан Әбілханов, Бақытгүл Хаменова бастаған арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жұмыс тобының құрамында медицина мамандары, эпидемиологтар, құқық қорғау органдары қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер және облыс әкімдігіндегі жауапты басқармалардың өкілдері бар.
Вахталық қалашықтардағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша ауқымды жұмыс жүруде.