ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ДИНАСТИЯСЫ

(0 Votes)

Ел экономикасының күре тамыры саналған теміржол торабы елімізде өткен ғасырдың басынан бастап өркен жая бастағаны аян. Міне, осы салаға жергілікті жігіттер де көптеп тартылып, бірте-бірте бұл да қазақ баласының атакәсібіне айналды. Мұнай-газ өндірісімен бірге өсіпөркендеген болатжолдың тетігі атадан балаға мирас болып мұнда да майталман мамандар әулеті қалыптасты. Еліне елеулі еңбегі сіңген сондай ердің бірі – Рай Бисалиев еді.

 Ол 1948 жылдың 31 қазанында Гурьев (Атырау) қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Өйткені әкесі Жолдас Бисалиев осы саланың мықты маманы еді. Сондықтан партияның нұсқауымен еліміздің батыс аймақтарына қызмет ауыстырып тұрды. Сондықтан 1954 жылы облыс орталығындағы Орджоникидзе мектебінің табалдырығын аттаған бала Райға кейін Никельтау, Шұбарқұдық станциясында оқуына тура келді. 1964 жылы Шұбарқұдық №468 мектебін тәмамдағаннан кейін Ақтөбе облысының, Байғанин ауданындағы орта кәсіптік-техникалық училищеде білімін жалғастырды. Осы оқу ордасын бітіргеннен кейін 1966 жылдың шілдесінде Құлсары станциясында қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Алғаш «МТЗ-50» тракторының тізгінін ұстаған бозбала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгесін біржола әке жолын қууға бел буады. Сөйтіп 1970 жылдан бастап Мақат депосында «Машинист көмекшісі» курсын аяқтап, жұмысқа қабылданады. 1971 жылдан бастап Құлсары станциясына тепловоз көмекшісі болып қызметке ауысқан жас жұмысшы осы саланың майталман маманы болуға бет бұрады. Осы мақсатпен Ақтөбе теміржол техникумына оқуға түсіп, оны тәмамдағасын, арман қуып Алматы қаласына аттанады. Онда өндірістен қол үзбей жүріп, теміржол институтында жоғары білім алып, 1990 жылы инженер-механик мамандығын меңгеріп шықты.

Міне, осы сәттен бастап Рай Бисалиевтің өмірінің жарқын беттері басталады. 1987-2012 жылдар аралығында Құлсары станциясының 6 колонасында табан аудармастан ширек ғасыр машинист нұсқаушысы болып еселі еңбек етті. Осы саладағы 42 жылдық еңбек тәжірибесін аймақтың Мақат Локомотив депосына арнаса, оның 25 жылын осы Құлсары станциясына сарп етті. Ұзақ жылғы адал еңбегі жоғары бағаланып, 1992 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1999 жылы «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. 2004 жылы «Қазақстан темір жолының 100 жылдығы» мерекесіне орай «Локомотив» АҚ Президентінің «Құрмет грамотасымен», 2001 жылы Теміржолшылар күніне байланысты Алғыс хатқа ие болды. Ең бастысы – ұзақ жылғы адал еңбегі ақталып «Құрметті теміржолшы» атанды.

Рай Жолдасұлы зейнеткерлікке қалса да өзінің сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. 2011-2016 жылдар аралығында «Болат Жол» мекемесінде машинистнұсқаушы ретінде қызмет атқарды. Жас мамандардың білімін жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан өсіп-жетілуіне күш салды. Ол «Құрметті теміржолшы» ретінде өзінен кейінгі жастардың тәлімгері де бола білді. Ұжым арасында қандай сыйлы болғанын бірге қызмет еткен әріптестерінің мынадай пікірлерінен де білуге болады.

-1984 жылы Құлсары станциясында ашылған тепловоз машинисінің көмекшілерін даярлайтын үш айлық курсында оқыдым. Онда тәлім берген Рай Бисалиев басшылығымен Мақат Локомотив депосының Құлсары бөлімшесінде 20 жылдың үстінде еңбек еттім. Теңіз кенішінің игерілуіне байланысты 1988 жылдары жүк тасымалы көбейді. Құлсары станциясында ПМС қажеттілігіне үш және бір жылға берілген маневрлік тепловоздар жұмыс істей бастады. Штат 25-30 локомотив бригадаларына дейін көбейді. Соған байланысты тепловоздардың және локомотив бригадаларының жұмысын тиімді пайдалану мақсатында отын жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде, олардың ақауын дер кезінде жөндеуде Рай Бисалиев зор ықпалын тигізді. Оның басшылығымен машинистер күні және локомотив бригадаларының отбасы мүшелерімен кездесу өткізіліп тұрды. Локомотив бригадаларымен техникалық сабақ өткізу үшін өз күштерімен техникалық кабинеттер жабдықталды. Мақат депосының дамуы жолында қажырлы еңбек етті. Ол өз ортасында құрметті, адамгершілігі мол, қиын-қыстау кезеңдерде өз достарына адал бола білді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын маман ретінде белгілі азамат,- дейді тепловоз машинисі Серік Тажмұханбетов.

Сондай-ақ, теміржол саласында зейнеткерлікке қалғанша Рай Жолдасұлымен бірге еңбек еткен Елмырза Айтбаев та әріптесі туралы былай дейді.

-1977 жылдан бастап Рай ағамызбен зейнеткерлікке қалғанша жұмыс істедім. Ұзақ жылдар бойы теміржол саласында әртүрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сонау тоқырау жылдарында (1990-2000) бүкіл еліміз бойынша басқа кәсіпорындар секілді теміржол мекемелері де өте қиын жағдайды бастан кешірді. Сонда Рай ағамыз өзі басқарып жүрген шағын ұжымды аман алып шықты. Өзінің біліктілігінің арқасында біздің қызмет ететін мекемені айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге өзі мұрындық болды. Теміржол саласында ұзақ жылдар бойы жасаған еңбектері үшін әртүрлі марапатқа ие болды. Соның бірі - Қазақстан Республикасының «Құрметті теміржолшысы» төсбелгісі. Мұндай атақ кезкелген теміржолшыға берілмейді, бұл үлкен құрмет деп түсінемін. Әкесі Жолдас та теміржол саласының ардагері, өлкеміздің құрметті әрі сыйлы азаматы,- дейді Елмырза Қайырлыұлы.

Рай Бисалиев ұзақ жылдар бойғы теміржол саласындағы еңбек өтілінен кейін 2011 жылы зейнеткерлікке қалады. Өз өмірін осы салаға арнаған кәнігі теміржолшының ғибратты ғұмырының мәні де осы болса керек. Ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан Бисалиевтер әулеті теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде.

Әке жолын қуған Рай Жолдасұлы 1970 жылы Мақат депосына жұмысқа тұрған уақытта жұбайы Рая Көшкенбаевамен отау құрады. Екеуі 6 баланы тәрбиелеп өсіреді. Бүгінде өз алдына шаңырақ көтерген ағамыздың ұл-қыздары да әке жолын қуып, теміржол саласының майталман маманына айналды. Қазіргі таңда Құлсары қаласының «СМП615» ықшам ауданында тұратын Бисаливтер әулетін Теміржолшылар династиясы деп атауға толық негіз бар. Өйткені оның өз перзенттерін айтпағанда, келіндері мен күйеу балалары да болат жолдың бойында еселі еңбек етіп жүр. Олардан 20 немере, 4 шөбере сүйіп отырған бақытты ата!

Сайлаубай ТАЛАСОВ,

«Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT