Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекіткен болатын. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деп атап өтті. Ел президенті бұл жылды атаулы мамандықтар жылы деп жариялай отырып, еңбек адамының қоғамдағы орнын, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруды көздеді. Осы орайда ұзақ жылдар бойы тоғыз жолдың торабында маңдай терін төккен Ғарифолла Болатбаевтың өмір жолын мысал ету өте орынды.
Қазақстан теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың бірі әрі бірегейі– Ғарифолла Керейұлы 1963 жылдың 30 наурызында Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылында дүниеге келген.
«Шөбі шүйгін, ауасы таза қасиетті Қызылқоға жерінде өмірге келіп, балалық шағым сол жерде өтті. Ауылда мектеп табалдырғын аттап, балалығымның балдәурен қызықты шағын өткердім. Үлкендердің айтуынша, кішкентайымнан-ақ еті тірі, пысық, қағылез бала болыппын»,-дейді Ғарифолла Болатбаев.
Мектеп кезінде жаратылыстану бағытындағы пәндерге деген қызығушылық оны оқуда үздік атануына жол ашқан. Сөйтіп он жылдық мектепті өте жақсы деген бағаға аяқтаған кейіпкеріміз мамандық таңдау кезінде ұзақ ойланбаған.
Өйткені Ғарифолла ағамыздың әкесі Керей Болатбаев та теміржол саласында жылдар бойы үздіксіз еңбек еткен. Сондықтан кейіпкеріміз де әке салған сара жолды жалғап, атаулы саладан өзінің жарқын болашағын көріп, мамандығын еш ойланбастан таңдаған.
«Мамандық таңдар сәтте бірден теміржол саласын таңдадым. Әкем салған жолды жалғап, теміржолшы болуды қаладым. Әкем Керей өмір бойы тепловозды тізгіндеп, машинист болған кісі. Күн демей, түн демей жұмыс жасап, адал нан тауып, отбасын асырады. Сондықтан әке салған даңғыл жол мені осы салаға алып келді»,-дейді кейіпкеріміз.
Ғарифолла Керейұлының анасы Елена Сергейқызы да еңбек етуден қашпаған нағыз шаруагер әйел болған. Отбасының қамынан бөлек, қолынан келген барлық жұмысты жасап, адал еңбек еткен. Ғарифолла ағамыз да менің еңбекқорлығым осы ата-анамнан дарыған асыл қасиет дейді.
Жасынан тепловоз тізгіндеуге ерекше қызығушылық танытқан Ғарифолла ағамыз небәрі 18 жасында еңбек жолын бастайды. Ол кезде бұл үлкен жауапкершілік пен сенімділікті қажет ететін іс болатын. Алғашқы қызметін – теміржол пайдалану депосында слесарь-электрик мамандығы бойынша бастаған кейіпкеріміз қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланың қазанында бітісе қайнасқан.
Электр жүйелерін жөндеумен айналысатын бұл жұмыс – жас маманның алғашқы баспалдағы еді. Сол кездегі еңбек тәртібі, жауапкершілік пен ұқыптылық жас жұмысшының болмысын қалыптастырды.
Тынымсыз еңбектің арқасында 1984 жылы ол өз кәсібінде жаңа белеске көтерілді. Кәсіби шыңдалудың арқасында машинист көмекшісі қызметіне ауысып, нақты теміржол көлігін жүргізуге қатыса бастады. Бұл қызметке кез келген адам бірден қабылдана бермейтін. Өйткені, пойыз басқару – үлкен білім мен тәжірибені талап ететін мамандық. Осы жылдары Ғарифолла Керейұлы теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне, пойыздардың уақытылы жүруіне, жолаушылар мен жүктің белгіленген жерге аман-есен жетуіне тікелей жауапты болды.
«Желмен жарысқан ауыр теміржол көлігін тізгіндеу оңай емес. Жаздың аптап ыстығында да, қақаған аязды күндері де жолаушылардың жайлылығы үшін кірпік қақпай, тепловозды басқару – жауапты іс. Өйткені өзіңнен бөлек пойыздағы мыңдаған адамның қауіпсіздігі – машинистің жауапкершілігінде. Біздің Мақат тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан мемлекеттік маңызы бар пойыздардың барлығы осы жерден өтеді. Тиісінше қатынас та, жұмыс та күні-түні үздіксіз жүреді»,-дейді кейіпкеріміз.
Уақыт өте келе ол 1993 жылы вагон пайдалану депосына жөндеу слесарі қызметіне ретінде ауысты. Бұл – пойыздың әрбір вагонының техникалық жағдайын қадағалап, оның сапалы әрі қауіпсіз қызмет атқаруына жауап беретін маңызды қызмет. Ғарифолла Керейұлы бұл жұмысты да үлкен жауапкершілікпен атқарды. Теміржолдың әрбір болты мен дөңгелегін бес саусағындай білетін, темір тұлпарлар тілін тапқан маманға айналды.
«Әрбір вагонды тексеру, олқылықтарды дер кезінде анықтау маңызды. Бұл істе қырағылық танытпасаң үлкен апатты оқиғалардың орын алуы мүмкін. Осы уақытқа дейін жұмыс кезінде түрлі оқиғалар орын алды. Дер кезінде пойыз вагонының бұзылыстарын анықтап,жолаушылардың өмірін аман сақтап қалған болатынбыз»,-дейді мамандығының майталманы атанған Ғарифолла Болатбаев.
Еңбегімен еленген Ғарифолла Керейұлы отбасында да үлгілі әке, адал жар. Жұбайы – Балсұлу Болатбаевамен де осы теміржол саласы табыстырған. Екеуі бірге өмірдің сан қилы белестерінен өтіп, бақытты отбасын құрып, төрт перзентті өмірге алып келген.
Кейіпкеріміз –қарапайым еңбек адамының биік тұлғасын танытқан азамат. Оның өмір жолы – бір отбасының ғана емес, тұтас теміржол саласы тарихының бір парағы. Еңбекқорлығы, өз ісіне деген адалдығы мен жауапкершілігі кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық.
«Қызметте жүріп қаншама пойыз аттандырып, қаншама жолаушының жолын аштық. Әр рейс – бір өмір, әр вагон – бір сенім. Мен үшін теміржол – тек кәсіп емес, тұтас өмір мектебі. Онда мен жауапкершілікті, тәртіпті, сабыр мен төзімді үйрендім. Әр пойыздың қозғалысында мыңдаған адамның тағдыры бар. Сол үшін бұл салада еңбек ету мен үшін зор мәртебе»,-дейді мамандығын мақтаныш ететін кейіпкеріміз.
Бүгінгі таңда Ғарифолла Керейұлының есімі теміржол саласында ойып тұрып орын алады. Оның өмірі мен еңбек жолы – еңбекпен жетістікке жетудің, қиындыққа мойымай, алға ұмтылудың айқын дәлелі.
Ол – теміржол саласында жарты ғасырға жуық уақыт еңбек еткен ардагер. Қанша жыл өтсе де, бірде-бір жұмыс күнін жауапсыз қалдырмай, тәртіп пен кәсібиліктің үлгісін көрсетті. Оның еңбекке деген құрметі – бүгінгі жастарға жол нұсқайтындай тағылым.
Бүгінгі кейіпкеріміз теміржолда жұмыс істеп, темірдей тәртіпке бағынған жан. Ол өмір бойы адал еңбекті ту етіп, елге қалтқысыз қызмет етті. Ең бастысы – ұрпағына еңбектің қадірін ұғындырды.
Ж.ҚАМЗА