Тегін оқы да, жұмыс тап!

(0 Votes)

«Теңізшевройл» ЖШС 2019 жылдан бері Атырау облысының жұмыссыз азаматтарын құрылыс мамандықтары бойынша тегін оқытып келеді. Аталған жоба облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының үйлестіруімен жүзеге асуда.

Биылғы жылы да жұмыссыз азаматтар 3 оқу орнында 11 мамандықты игермек. Оның ішінде металл конструкцияларын дәнекерлеуші, құрылыс сатыларын жинаушы, жалпы құрылыс маманы, құбыр жинақтаушы, металл құрылымдарын жинақтаушы, БӨА жинақтаушы, электромонтаждаушы секілді мамандықтар «APEC Petrotechnic» жоғары колледжінің базасында оқытылады. Ал, қалған 4 мамандықты «Industrial Laboratory тренинг» ЖШС және «Ақтау тренинг орталығы» ЖШС дәріскерлері үйретеді. Жұмыссыздар 2-4 ай аралығындағы уақытта тамақпен және жатын жермен қамтамасыз етіледі, бірақ стипендия төленбейді.
Аудандарды аралап жүрген облыстық басқарма, «Теңізшевройл» ЖШС және оқу орталықтарының өкілдері 8 шілде күні өз жоспарларына сәйкес Мақат кентіне ат басын тіреді. Ол жердегі мақсаттары қызығушылығы бар жұмыссыздарға бағдарламаны түсіндіріп, оларды алдын-ала тесттен өткізу еді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының ұйымдастыруымен өткен шараға 40 шақты адам келді.
Шарада сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалев пен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Өтешова бой көрсетіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кейін кезек оқу орталықтарының таныстырылымына берілді. Мамандар оқу процесі мен жатақханадағы жағдай туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, оқытушыларының біліктілігі мен түлектерінің жетістігіне тоқталды. Әсіресе, «бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келе жатырған жоба келесі жылы да болады деген кепілдік жоқ. Жұмыспен қамтыласыздар деп ешкім уәде бермесе де 2-4 ай аралығында бір кәсіптің білікті маманы болып шығасыздар. Кейін жеке кәсіппен айналысамын десеңіз де ұтылмайсыз. Бұл басқа облыста жоқ, ТШО компаниясының арқасында атыраулықтарға ғана беріліп тұрған мүмкіндік» деген сөздері кез-келген адамға ой саларлықтай.
Қысқа мерзімді оқуға ынтасы барлар келесі күні Атырау қаласындағы «APEC Petrotechnic» жоғары колледжінде де жиналып, іріктеу тестілерінің нәтижесі 2-3 күнде хабарланбақ.


А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT