Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында: «Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс. Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды», деген еді.
Кейінгі жылдары еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге, ауаның ластануын ғана емес, сондай-ақ суасты қоймаларының да ластану жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді бағдарлама қолға алынып, жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, өндірістік кәсіпорындар қалдықтары көлемін азайту, атмосфераны ластайтын зиянды заттар деңгейін азайтатын заманауи тазарту жүйесін көптеп орнату, жанармаймен жүретін көліктерді атмосфераға көп зияны жоқ электр көліктеріне алмастыру сынды жұмыстарға мемлекеттік маңыз беріліп, сапалы атқарылуы тұрақты бақылауға алынған. Биыл 10 қалада ауаның ластануын жоғары көрсеткіштен орташаға дейін төмендетуді көздейтін «Жол картасын» жүзеге асыру жоспарланып отыр.
(Материал egemen.kz сайтынан алынды)