«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АУДАНДЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУДЕ?

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АУДАНДЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТУДЕ?
(0 Votes)

Экология – бүгінгі күннің ең өткір мәселесі. Соның ішінде Атырау аймағының табиғи ахуалы тіптен күрделі. Екі адамның бірінде маусымдық аллергия, түрлі тыныс жолы аурулары мен созылмалы дерттердің көбеюі – осының айғағы. Мұндай экологиялық дабылдың шындығында қағылып келе жатқанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда жалғыз мәселені көрсетіп қою аз, ендігі кезек нақты шешімдер мен әркімнің үлесіне келіп тіреледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы осы мақсатқа бағытталған кешенді шаралардың бірі. Мемлекет басшысы бұл науқанның мәнін нақты мысалдармен көрсетіп, оның мән-маңызын былайша түйіндеген еді. 

– Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – бұның бәрі біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы тиіс. Экологиялық мәдениет қалыптастыру – аса маңызды. Қазір көптеген азаматтар қоршаған ортаны қорғауға ниетті. Бұл өте қуантады. Мен бүгінгі көрмеден экологияға ден қойған кәсіпорындардың жұмыстарын көріп, риза болдым. Қоғамда жаңа экологиялық сана қалыптасып келеді. Жастардың бұл бағыттағы ықыласы ерекше,-деді Президент.

Бірақ қағаздағы қаулы мен нақты жердегі жағдай – екі түрлі дүние. Акция ұран үшін өткізіліп, суретке түсіп, бір мәрте ағаш отырғызумен тоқтап қалса, бұл – жалған экологиялық шоу ғана. Ал халықтың санасында шынайы экологиялық сана қалыптасты ма? Жасыратыны жоқ  желіде «таза ауа керек» деп жазып, ертесіне күл-қоқысты кез келген жерге төгіп кететіндер әлі де баршылық. Әсіресе жаз айында, табиғат аясында демалушылар  өз арттарынан күл-қоқыстан із тастап жатқанына талай рет куә болудамыз.Сондықтан таза аймақ болу үшін сана да соған сай сауатты болуы керек-ақ. Міне, біз осы бағытта аталмыш акцияның аудандағы ахуалын зерделеп көрдік. Аудан көлеміндегі акция барысына зер салсақ, бұл жерде бастама ұран деңгейінде қалмағаны байқалады. Исатайлықтар бұл істе жұмыла жүк көтеруде. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, сенбілік жұмыстарына қатысуға ниет білдірген еріктілер мен ұжымдардың саны артпаса, кемімеген. Аудан орталығы мен ауылдық округтердегі белсенділер көше-көшені тазалап, күл-қоқысты жинап қана қоймай, ағаш егіп, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Барлық мекеме қызметкерлері,  спортшылар, өнер иелері, қоғам белсенділері мен жастар ұйымдары – барлығы да бұл игі іске жұмылдырылған. Әсіресе жастардың белсенділігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Экологиялық ахуал тек сөзбен емес, іс жүзінде жақсаратын кезең келді. Сол жолдағы алғашқы әрі маңызды қадам – өз ауламызды таза ұстау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, ол науқан емес – тұрақты үрдіске айналғанын білгіміз келіп, аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі ахуалды шолып шықтық.

Қамысқала:

Ауыл 100 пайыз техникалық сумен қамтылмақ

Қамысқала ауылдық округінде көгалдандыру мен тазалық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауыл әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, жыл басынан бері округте 750 көшет отырғызылған, алдағы уақытта тағы 500 түп егілмек. Сөйтіп, көктемгі көгалдандыру маусымы қорытындысында ауылда 1200 түп ағаш өсіп тұруы тиіс.Бірақ көшет отырғызуға орын тапшылығы өзекті болып тұр. Осыған байланысты 1500 шаршы метр аумақ арнайы қоршалып, қосымша жасыл желек өсіруге жағдай жасалуда. Көгалдандырудан бөлек, округ тазалығы да назардан тыс емес. Жыл басынан бері ұйымдастырылған сенбіліктер мен санитарлық шараларға 10 мекемеден 1200-ге жуық адам қатысқан. Ауылдан жалпы көлемі 200 тонна қоқыс шығарылып, бұл жұмыстарға арнайы техника тартылған. Абаттандыру бағытында да игі істер қолға алынған. Жыл ішінде ауыл тұрғындарының игілігіне арналған бір ойын алаңы мен бір ашық дала тренажер құрылғысы орнатылып, пайдалануға берілді.Ауылдың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуда маңызды жобалардың бірі – техникалық су жүйесі. Ауыл халқын 100 пайыз жазғы су құбырымен қамтамасыз етуге бағытталған құрылыс жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл – тұрмыс сапасын арттыратын аса қажет жоба.«Таза Қазақстан» акциясы Қамысқалада құр сөзбен емес, нақты іспен көрініс тауып отыр. Бір жағы – жасыл желек, бір жағы – инфрақұрылым, бір жағы – ауылды абаттандыру. Ең бастысы, бұл істерге тұрғындардың өздері де белсенді араласып жатыр. Тазалық пен тәртіпке деген ортақ көзқарас қалыптаса бастағаны қуантады.

Тұщықұдық:

Жүйелі сенбілік, ұқыпты  мекеме, жауапты көшелер

Дәл осы акция аясында Тұщықұдық ауылдық округінде қолға алынған жұмыстар – қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, нақты әрекетке ұласқан үлгілі мысалдардың бірі. Ауылдық округ әкімі Арслан Амировтің айтуынша, көктемгі көгалдандыру науқаны аясында «Мақсотов» жеке кәсіпкерімен келісімшарт жасалып, ауыл аумағына 700 түп ағаш егілген. Қуантады. Алайда бұл жасыл желек тамыр жаюы үшін оны күтіп-баптау, суару, шөптен арылту – ендігі басты мәселе. Осы орайда кәсіпкермен ары қарай да серіктестік жалғасып, нақты нәтижеге жұмыс істеу жоспарланып отыр. Ауыл тазалығы бойынша да кешенді шаралар қолға алынған. Биыл наурыздан бері ұйымдастырылған тұрақты сенбіліктерге 412 адам мен 4 техника жұмылдырылып, 29 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. Бұл – көзге көрінетін еңбек. Бірақ мұндағы ең маңыздысы – ауылды шын мәнінде таза ұстау тек сенбілікпен ғана шектелмеуі керек. Сенбілік – әдетке, ал тазалық мәдениетке айналуы қажет. Ауылдың әр ықшам ауданы мен көшесіне нақты мекемелер бекітіліп, тазалық жұмыстары бөлініп берілген. Бұл – қағазда керемет көрінгенімен, іс жүзінде сол мекемелер өзіне тиесілі аумақты шын жанашырлықпен тазартып отыр ма, әлде «атқарылды» деген сөзбен шектеле ме – бұл сұрақ әрбір тұрғынның көзімен өлшенуі тиіс. Ұжымдарға тапсырма беру – оңай, ал соны тұрақты бақылау – әлдеқайда маңызды. Айта кетерлігі, «Тадини» ЖШС мекемесі елді мекен сыртындағы қатты қалдықтар алаңын екі рет тазартып, бұл іске жеке кәсіпкерлік тарапынан қолдау көрсеткен. Ал ауыл тұрғыны Қуаныш Беркалиев округке қарасты трактор көлігін тегін жүргізіп, игі іске  белсенді араласқан. Осындай мысалдар науқан үшін емес, ниетпен жұмыс істейтін азаматтардың бар екенін көрсетеді.  Ауыл кіреберісіндегі жол, республикалық тасжол бойы мен Бақсай каналы жағалауы және демалыс орны саналатын «Ақкөл» маңындағы тазалық жұмыстары да бір сәтке назардан тыс қалмаған. Бірақ осындай табиғи орындар – тек көктемде емес, жаз бойы үнемі қадағалауды қажет ететіні естен шықпауы керек. Иә, тапсырма уақытында орындалып, есеп облысқа жолданған. Бірақ тазалықтың есебі емес, әсері көрініп тұруы керек. Әр мекеменің өзіне тиесілі көше – өз ауласы сияқты көрінбесе, «Таза Қазақстан» идеясынан гөрі «таза формализм» басым болмай ма? Дегенмен облыстан түскен ескерту мен ұсыныстарға сәйкес жұмыстар дер кезінде орындалып, тиісті кері байланыс жасалып, есепті ақпарат беріліп отырған. Бұл – Тұщықұдықтағы экологиялық мәдениеттің нақты көрсеткіші деуге болады.

Аққыстау:

Мұнайшылар мен әкімдіктің экологиялық бастамасы

Аққыстау ауылдық округінде «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар тек қағаз жүзінде емес, нақты іске айналды. Ауылдық округ әкімі Ғаділ Боранбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері өткен экологиялық сенбіліктерге 1050 адам, 25 мекеме мен 14 техника тартылып, 35 тоннаға жуық қоқыс сыртқа шығарылған. Бұл – сөзден іске көшудің бір көрінісі. Қазір ауыл бойынша 52 қоқыс алаңшасы мен 160 қоқыс контейнері жүйелі жұмыс істеуде. «Таза жағалау», «Киелі табиғат» сияқты акциялар аясында өзен жағалауы мен халық көп жүретін орындар тазартылып жатыр. Соның бірегейі Аққыстау ауылында 3 гектар жерге 2800 түп ағаш отырғызылды. Бұл – Атырау облысы әкімдігі мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы арасындағы меморандум аясында бастау алған, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен ұштасқан игі іс. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бұл бастама – аймақтағы көгалдандыру жұмыстарын кеңейтуге арналған ұзақ мерзімді жоспардың жалғасы. Өңірде көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында 2021 жылы арнайы жер телімдері бөлініп, зерттеу жұмыстары қолға алынған болатын. 2022 жылдан бастап Атырау қаласына іргелес Талғайран елді мекенінде алғашқы ағаштар отырғызылды. Ал 2024 жылдың қазан айында бесжылдық меморандумға қосымша енгізіліп, көгалдандыру жұмыстары компанияның өндірістік құрылымдары орналасқан аудандарда да жүзеге аса бастады. Соның бірі – Исатай ауданы. Аққыстауда көгалдандыру жұмыстары 2023 жылы басталған. Қазірге дейін ауыл маңындағы 3 гектар жерге 2700 түп көшет отырғызылса, бүгінгі күні тағы 100 түп ағаш отырғызылып, жасыл белдеудің ресми ашылуы өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бастығы Жасұлан Беркалиев және әкімдік қызметкерлері, мұнайшылар және сала ардагерлері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында болған Құрманғали Мұхтаров пен Кенжебай Сағынғалиев жаңа белдеуге сәттілік тілеп, салтанатты лентасын қиды. Көшет отырғызу жұмыстарына мердігер ретінде жергілікті «Жер-Ана» ЖШС тартылған. Бүгінде тал егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, мердігер мекеме көшеттерді отырғызу, қоршау, суару және күтім жұмыстарымен айналысуда. Жасыл белдеуді қалыптастыру кезінде жергілікті жердің топырағы мен климаттық ерекшеліктері ескерілген.

Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Салима Абитованың айтуынша, отырғызылған ағаштарға алдағы бес жыл бойы «Ембімұнайгаз» жауапты болады.

– Ағаштарды суару, күту, барлық агротехникалық шаралар компания есебінен жүргізіледі. Бес жылдан соң күтім жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл жасыл белдеу жергілікті әкімдікке ресми түрде табысталатын болады,-деді ол.

 «Таза Қазақстан» акциясымен ұштасқан бұл бастама  қоршаған ортаны жақсартуға, ауыл экологиясын оңалтуға бағытталған нақты әрі ұзақ мерзімді жоба.

Жанбай:

Жасыл белдеу кеңейіп, қоқыс көлемі азайды

Жанбай ауылдық округінде тазалық пен көгалдандыру мәселесі «Таза Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде нақты іс-қимылға айналып отыр. Ауыл әкімі Ерлан Махсотовтың айтуынша, көктемде 400 түп тал егілді, жасыл саябақтар күтіп-бапталып, округтің көркі айқын жақсарып жатыр. Бірақ тазалық саласында да жұмыс оңай емес. «Шеркеш» ЖК-мен келісім шарт жасалып, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау ұйымдастырылғанымен күн сайын қоқысты бақылап, жинап отыруға мекемелердің өздері жауапты. Наурыз айынан бастап апталық сенбіліктерге 320 адам мен 2 техника жұмылдырылып, 45 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Әр мекеме өз бекітілген аумағын таза ұстауға міндеттелді.Ауыл кіреберісінен бастап, Атырау-Астрахань жолына дейінгі учаскелер арнайы тазартылды. Бұл – Жанбайдың өз аумағын таза әрі көрікті ұстаудағы нақты ұстанымы. Мұндай қадамдар елді мекеннің болашағын жарқын етуге, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жанбайлықтар енді экология мен тазалықты тек сөзбен емес, нақты әрекеттермен сақтап, дамыта бермекші.

Нарын:

3 мың тал егілмек,  иесіз үйлер бұзылуда

«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясы аясында Нарын ауылдық округінде тазалық пен абаттандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Ауылдық округ әкімі Асқар Әбуовтің айтуынша, науқандық емес, жүйелі істер жасалып жатыр. Абаттандыру жұмыстары аясында Нарындағы «Жеңіс саябағы» жәй жөндеуден өтіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жаңартылды. Саябақ ішіне жарықтандыру желісі тартылып, заманауи талаптарға сай ақпараттық баннерлер орнатылды. Жаңа Жанбай елді мекеніндегі ойын алаңына да көңіл бөлініп, балалар үшін қауіп төндіріп тұрған сынған құрылғылар алынып, ескі қоршау жөнделді. Кейінгі жылдары ел назарынан тыс қалып қойған, тіпті қауіп туғызған кейбір орындарға да нақты әрекет жасалды. Мәселен, қараусыз қалған бір тұрғын үй бұзылып, орны толық тазаланды. Мектеп көше жағындағы екі иесіз қора да демеушілердің қолдауымен жермен-жексен етілді. Кезінде «қазып кеткен» деуге келетін екі үлкен шұңқыр демеушілердің көмегімен көміліп, қалыпқа келтірілді. Бұл әрекеттер – қауіпсіздік пен тазалық қатар жүретіндігін ұқтырған нақты үлгілер. Көгалдандыру бойынша биыл 3 гектар жерге 3000 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл аймақты қоршау жұмыстары «Анур LTD» ЖШС арқылы жүргізіліп жатыр. Жобаның толық аяқталуымен көктемде көгалдандыру басталады. Сонымен қатар ауылдың өз тұрғындары да бұл бастамаға үн қосып, биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер 50 дана тал екті. Апта сайын өтетін сенбіліктер – жай рәсім емес, нақты нәтижемен өлшенуде. Көшелерге жауапты адамдар белгіленіп, тазалық жұмыстары жоспарлы негізде жалғасуда. «Ақбас» каналы бойы толық тазаланып, «Таза жағалау» акциясы аясында нақты жұмыс жасалды. Мекемелер – мектеп, балабақша, фельдшерлік пункт – өз аумақтарына тал егіп, айналасын тазартты. Жасыл ел бағдарламасы бойынша бөлінген жасақ сарбаздарының 4-еуі талдарды күтіп-баптау ісіне жұмылдырылды. Сонымен қатар округтегі техникалар – Беларус-920 және өндірістік алаңдарға тиесілі көліктер – тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға көмектесіп отыр. «Таза Қазақстан» акциясы Нарын үшін формальды есеп емес, нақты өзгерістер мен елге жағымды көріністердің бастауы болғандай. Қараусыз қалған нысандар бұзылып, тал егілуі тек сыртқы келбетті ғана емес, ішкі көзқарасты да өзгертуде.

Зинеден:

Жағалаудан – каналға дейінгі тазалық

«Таза Қазақстан» акциясы Зинеден ауылдық округінде ұранмен емес, нақты іспен жалғасып жатыр. Ауылдық округтің әкімі Айгүл Адилованың айтуынша, 2025 жылдың басынан мамыр айына дейін округ аумағында көгалдандыру жұмыстары ширап, 350 түп ағаш егілген. Бұл – ауыл тынысына серпін беретін нақты қадам. Тазалық жұмыстарына округтегі негізгі бес мекеме – мектеп, балабақша, клуб, әкімшілік және су тазарту қондырғысы түгел атсалысқан. Нәтижесінде ауыл ішінен жалпы көлемі 25 тоннаға жуық қоқыс сыртқа шығарылыпты. Мұнымен шектелмей, табиғаттың ең нәзік тұсы – теңіз жағалауы да назардан тыс қалмаған. Зинеден ауылының теңіз маңындағы аумағын тазалауға Теңіз инспекциясының бөлім мамандары мен ауыл әкімдігі қызметкерлерінен құралған 13 адам екі көлік пен бір тіркемелі тракторды жұмылдырып, жағалаудан 1,5 тонна қоқыс жинаған. Бұдан бөлек, ауылішілік канал бойы да тазартылып, ол жерден 2 тоннадай қатты қалдық шығарылған. Мұның бәрі – тек сенбілік үшін жасалған әрекет емес, ауыл экологиясын жақсартуға бағытталған жүйелі іс. Зинедендегі тазалық жұмыстары – «Таза Қазақстан» идеясының ауыл деңгейінде нақты нәтижеге ұласып жатқанын көрсететін мысалдың бірі.

Исатай:

Құм басқан көше  назардан тыс емес

Исатай ауылдық округіндегі жұмыстарды саралай келе, «Таза Қазақстан» акциясы мұнда да бос ұран болып қалмағанын байқаймыз. Әкім Асылан Ғұбаштың айтуынша, көктем басталғалы бергі екі ай ішінде тек көгалдандыру бағытында ғана емес, жалпы көріктендіру және санитарлық тазалық бағытында да бірқатар маңызды істер атқарылған. Ескерткіштерді күтіп ұстау бағыты бойынша  теміржол вокзалы жанында орналасқан Исатай Тайманұлының ескерткішінің төңірегі жаңарып, гүл егіліп, қоршауы сырланыпты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлер саябағы жаңа монументпен толықты. Тұрмыстық сипаттағы жұмыстар да жүйесіз емес. Аялдамалар ақталып, ойын алаңдары жаңартылып, аудан шекарасындағы жол бойындағы белгілерге дейін қалпына келтірілген. Мұның барлығы елді мекеннің келбетіне ғана емес, тұрғынның көңіліне де әсер ететіні сөзсіз. Ауыл көркін ашатын көгалдандыру бағыты да назардан тыс қалмапты. Жеке кәсіпкерлер мен демеушілердің, ардагерлер ұйымының қолдауымен 400 түп тал отырғызылған. Ең ауқымды жұмыс – тазалық. Әр мекемеге нақты көшелер мен аумақтар бекітіліп, апталық сенбіліктер ұйымдастырылып отырған. 35 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, елді мекен маңындағы бірнеше шақырым жол бойы тазарған. Бұл – құр қағаздағы есеп емес, техникасы мен адамы бар нақты әрекет. Көпке үлгі болатын тағы бір жайт – кәсіпкерлер мен тұрғындардың белсенділігі. «СинеМидасСтрой» мекеме-сімен бірлесе отырып мектеп маңы мен ауыл тұрғынының үй алды тазаланып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың үйіне көмектер көрсетілген. Бұл – «тазалық тек қоқысты жинау емес, жүректі де тазарта алатын іс» екенін аңғартса керек. Құм басқан көшелердің айналасын тазарту, канал маңын күл-қоқыстан арылту, жол тегістеу – мұның бәрі жүйелі ұйымдастырылмаса, тасада қалып қояр шаруа. Түйіндей айтқанда, Исатай ауылдық округінде экологиялық бастамалар құр науқан аясында ғана емес, шынайы әрі нәтижелі іске айналған. Елдімекендегі тазалық жұмыстары «бір күндік емес, бір мақсаттық» болып қалыптасуы үшін осындай бағыт пен талап қажет. Ал бұл – бір округке ғана емес, бүкіл ауданға ортақ үлгі.

Түйін

Міне, аудандағы ахуал осындай. Алайда қоршаған ортаны құтқаратын үлкен жоспарлар емес, қарапайым әрекет. Яғни ауламызды таза ұстау, бөтелкені жерге тастамау, көшет отырғызу. Әрқайсысымыз осыны шын ниетпен орындағанда ғана Қазақстан расымен таза бола алады. Әйтпесе, «Таза Қазақстан» деген ат – лас шындықтың бетпердесіне айналып кетпесіне кім кепіл?

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT