KAZINFORM – Әлемді өзгертуді біз өзімізден бастауымыз керек. Бұл - Үкімет қабылдаған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің бірі. Kazinform тұжырымдамаға аналитикалық шолу жасаған еді.
Декарбонизация дәуіріне дайындық
Эко-патриотизмді қалыптастыру - экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы мәнінің бір бөлігі ғана. Шын мәнінде, бұл бастаманың мазмұны әлдеқайда терең және бұл жерде әңгіме тек қалалар мен ауылдардағы тазалық туралы ғана емес. Бұл - қоғамның эволюциясын ынталандыруға, ұлттың мәдени кодын жаңартуға арналған ауқымды жұмыстың бөлігі.
«Жасампаздық рухының қоғамда терең орнығуы, ескірген қасаң қағидалар мен ел ішіне іріткі салатын жағымсыз әрекеттердің келмеске кетуі өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.
«Таза Қазақстан» жобасы көктемгі аласапыран тасқын кезінде пайда болды. Тасқын қарқыны басылмай тұрып, әлеуметтік күйзеліске қарамастан, елдің бүлінген бөлігі қалпына келтірілді.
Экологиялық жобаның ауқымы кеңейе түсті, бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық адам акцияға қатысты. Бір миллион тоннадан астам қоқыс жиналды және шамамен 2,5 миллион жасыл желек отырғызылды.
Тұжырымдамада экологиялық ойлау мәдениетін, саналы тұтыну, ресурстарды үнемдеу, бизнес жүргізу мәдениетін дамыту тетіктері жазылған. Бұл - қоғамды декарбонизация дәуіріне дайындауға мүмкіндік беретін қуатты жоба.
Әдеттерді өзгерту керек
Тұжырымдамадағы ең үлкен бөлімдердің бірі - қазіргі жағдайды талдау. Ол көптеген бағыт бойынша қалыптасқан тәжірибені көрсетеді, біріншіден - экологиялық ойлау. Атап айтқанда, қоғамдық даму институты қазақстандықтардың экология, шикізат пен қалдықтарды қайта өңдеу тақырыптарын қаншалықты өзекті деп санайтыны туралы әлеуметтік зерттеу жүргізді. Белгілі болғандай, респонденттердің 82,3%-ы бұл мәселені «өте өзекті» және «өзекті» деп санайды. Әсіресе, Ақтөбе (96,4%) және Қостанай (95,7%) облысы тұрғындары аса қызығушылық танытты. Құлықсыздық Ақмола облысы тарапынан байқалды (38,5%).
Дегенмен, бұл мәселеге қызығушылық өте жоғары болса да, экологиялық әдетке қатысты жағдай көңіл көншітерлік емес. Халықтың төрттен бір бөлігі ғана қоқысты сұрыптайды (25,3%), әрбір бесінші дүкен (21,8%) эко-сөмкені амал жоқтан пайдаланады, сол сияқты су мен электр энергиясын бәрі бірдей үнемдей бермейді (57,1%).
Бір қызығы, жастарда (18-28 жас) қоқысты сұрыптау әдеті ғана жоғары (27,5%), ал жалпы алғанда экологиялық сана төмендеу.
Экологиялық сана өздігінен пайда болмайды. Тиісті инфрақұрылым болмаса, адамдардан сананы талап ету қиын. Осы тұрғыдан талдау көрсеткендей, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қалдықтарды бөлек жинау әр түрлі уақытта 207 қала мен ауданның тек 142-де, ал сұрыптау 130-да ғана жолға қойылған.
Қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау үлесі әлі де төмен, дегенмен оң динамика байқалады. 2018-2023 жылдар аралығында Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу және сұрыптау 11,5%-дан 24%-ға дейін ұлғайды. (Еуропа елдерінде орташа деңгей шамамен - 50%, Жапонияда - 40%-дан астам, Оңтүстік Кореяда - 60%).
Одан бөлек, тұжырымдамада қалалар бен ауылдарда антропогендік жүктеме түрлері, сондай-ақ ресурс үнемдеу мәселелері көрсетілген. Бұл бойынша не айтуға болады? Біз көл-көсір өмір сүреміз. Талдау көрсеткендей, бастапқы энергияны тұтыну деңгейі бойынша ТМД-да көшбасшы елміз. Қазақстанда алдағы бес жылдағы болжам бойынша су тапшылығы 15% болуы мүмкін екендігіне қарамастан, тұтыну деңгейі артты.
Автокөліктер есебінен де экологиялық жүктеме артып келеді. 2023 жылы тіркелген автомобильдердің жалпы санында 20 жылдан астам уақыт бұрын шығарылған көлік басым.
Сонымен қатар бизнестің экологиялық жауапкершілігінің төмендігін көрсететін деректер келтірілген. Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2023 жылы экологиялық заңнаманың сақталуына 652 тексеру жүргізді. Жалпы сомасы 322,9 млрд теңгеге 2 мыңнан астам әкімшілік айыппұл салынды, одан 11,3 млрд теңге өндірілді. Айыппұлдың дені артық және ерікті эмиссиялар үшін салынады.
Не істеу керек?
Айтылған дүниелерді саралай келгенде шығатын қорытынды айқын. Коммуналдық қызметтер суды көлік жууға және бау-бақшаны суару үшін қолжетімді етіп тұрғанда, ешқандай экологиялық сана көмектеспейді. Тұрақты әдетті қалыптастыратын механизмдерді жасау керек. Бұл туралы тұжырымдамада «коммуналдық қызметтердің төмен тарифтері табиғи ресурстарды үнемдеуге және ұқыпты пайдалануға ықпал етпейді» делінген.
Бұл ірі бизнеске де қатысты, қоршаған ортаға теріс әсері төлемінің төмендігі және экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін айыппұлдар кәсіпорындарды үздік, қолжетімді әдістерді енгізу арқылы қызметтің экологиялық жағдайын жақсартуға ынталандырмайды.
Бұл тұрғыда экологиялық жауапты мінез-құлыққа ынталандырушы механизмдер мен ынталандырулар қажет. Атап айтқанда, Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекітті. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша 21 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, қайта өңделген коммуналдық қалдықтардың үлесін 2029 жылға қарай 38%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Оқушылар мен студенттердің экологиялық санасын арттыру, эколог мамандарды даярлау үшін орта және жоғары білім беру саласында көптеген бастама бар. Сонымен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін бейнебақылаулар санын көбейту жоспарланып отыр.
Коммуналдық салада сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін цифрландыру және автоматтандыру, сондай-ақ есепке алу аспаптарын орнату жүргізіледі.
Тұрақты тұтыну және өндіріс тәжірибесін белсенді енгізетін компаниялар мен азаматтарды қолдау үшін шаралар әзірлеу, кәсіпорындарды ресурстарды ұтымды пайдалану туралы есептерді (ESG) жариялауға ынталандыру міндеті қойылды.
«Таза Қазақстан» жалпы республикалық экологиялық бастамасын іске асыру әкімдердің қызметін бағалау тетігінің біріне айналуы тиіс. Әрбір өңір тұжырымдаманы іске асыру бойынша тиісті жоспар әзірлейді.
Құжат өте көлемді, 60 түрлі тапсырманы қамтиды. Алдағы жұмыстың ауқымын тұжырымдаманы іске асыруға тартылған министрліктер мен ведомстволардың санынан да байқауға болады. Жергілікті атқарушы органдармен қатар, 12 министрлік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, «Атамекен» ҰКП және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі белсене қатысады