Бүгінгі таңда республика бойынша 120 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 70 мың адам қатысты.
«AMANAT» партиясының белсенділері мен жақтастары Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында он ай бойы апта сайын «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде шамамен 70 мың адам 120 мың тоннаға жуық қоқыс жинады. Олар өзен жағалауларын, орман алқаптарын, өндірістік аймақтар мен жол бойындағы аумақтарды тазартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» науқанын бастап, елді көгалдандыру және аймақтар мен қалалардағы аумақтарды тазарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Президент бұл бір реттік акция емес екенін, әрбір үй, аула, тұрғын кешені мен саябақ назардан тыс қалмауы керектігін ерекше айтты.
Бүгін Абай облысына қарасты Курчатов қаласында Жеңіс алаңы қардан тазартылды. Партия мүшелері, депутаттар мен жергілікті тұрғындар 7 000 шаршы метр аумақты қардан аршып, тәртіпке келтірді. Ал Жарма ауданының Шар қаласында белсенділер жергілікті мектеп маңында 2,5 тонна қарды күреп шығарды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балаларды еңбекке баулып, денсаулығын нығайтып қана қоймай, туған жерге жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастырады.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында «Алтын Орда» бастауыш партия ұйымының мүшелері жалғыз тұратын қарттардың аулаларын тазартты. «AMANAT» партиясының Сәтбаев қалалық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Шоқпұтовтың айтуынша, көбіне зейнеткерлерге көмек қолын созатын жан табыла бермейді. Сондықтан «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында бұл міндетті партия белсенділері өз мойнына алған. Петропавлдық партия мүшелері де зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қысқы мезгілдің қиындықтарын еңсеруге көмектесуде.
Жетісу облысында «Жастар рухы» белсенділері мен «AMANAT» партиясы мүшелері Үштөбе қаласындағы орталық алаңды тазалап, Наурыз мерекесіне дайындық жұмыстарын жүргізді.
Ал Шымкентте партия мүшелері «Асар» шағын ауданындағы көшелер мен аллеяларды қоқыстан арылтып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Маңғыстау облысының тұрғындары да Наурыз мейрамы қарсаңында «Амал» мерекесін атап өтуге дайындалуда. «Отпан-тау» тарихи-мәдени кешенінде өтетін іс-шараға орай, жергілікті партия мүшелері Шетпе ауылынан Таушық ауылына дейінгі жол бойын қоқыстан тазартты.
Айта кетейік, қар мен қоқыс тазалау жұмыстары еліміздің барлық өңірінде өтті.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 6 маусымынан бастап «AMANAT» партиясының мыңдаған белсенділері мен мүшелері әр бейсенбі сайын «Таза бейсенбі» акциясына қатысып, қалалар мен ауылдарды, саябақтар мен скверлерді, ескерткіштер мен су айдындарын қоқыстан тазартып келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 120 мың тонна қоқыс жиналып, акцияға 70 мың адам қатысты. Сонымен қатар белсенділер 100-ден астам өзен, көл мен су қоймаларын тазалады. Жұмысты тиімді жүргізу үшін ластанған аумақтардың карталары әзірленіп, әрбір учаске мәслихат депутаттары, белсенділер және партияның бастауыш ұйымдарының жетекшілері бекітілді. Олар өздеріне бекітілген аумақтардағы тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту мәселелерін шешуде.