Тәуелсіз ел тарихындағы таңдаулы күн

(0 Votes)

Ел тәуелсіздік алғалы 31 жылды артта қалдырыппыз. Осы жылдарды ой сарабына салсақ, жас мемлекеттің жаңашыл қадамдарын аңғаруға болады. Әрине, қазір жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жанып, салт-дәстүрлеріміз өзімізге оралып, тәуелсіздікке ие болған елміз. Ендігі кезекте әрқайсымыз «Мен – қазақпын» деп көк байрағымызды көтеріп тұрып, мақтанып айта алатын дәрежеге жеттік.

Ұлттық мерекелердің де қатары толып, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалуда. Осының барлығын ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана 25 қазан – Республика күні мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның символы болу керегін айтып, атаулы күнге ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Бұл дата тарихи бағасын әлде қашан алып қойған. Тек бүгінгі қоғамнан өз орнын таппап еді. Алайда осы жылдан бастап қайта түлеп, жаңғырып, ұлтымызды ұлықтайтын мерекеге айналғаны көңіл қуантады. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. Егеменді ел болуымыздың алғашқы құжаты осы күні қабылданды. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол себепті тарихи оқиға болған күн мемлекеттік деңгейде тойланғаны өте маңызды.

Республика күнінің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы – халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлаған оң шешім. Бұл әуелі, қоғамның патриоттық сезімін арттыруға сеп болары анық. Әсіресе, елімізге қарата айтылып жатқан негізсіз пікірлер бар кезде осы датаның зор құрметпен аталып өтуі айырықша маңызға ие. Рухани құндылығымызды, қазақы қайсар рухымызды, бай тарихымызды, бабадан қалған даланың мұрагері ретінде Алты Алашты әлемге таныту арқылы осы тарихи датаның біз қасиеттілігін аша білуіміз, көрсете алуымыз қажет. Сол себепті мемлекетіміз үшін бұл күннің қажеттілігі зор.

«МТ»

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT