«Татулықтың тұмары» атты өнер байқауына 45 абысын-ажын қатысты

«Татулықтың тұмары» атты өнер байқауына 45 абысын-ажын қатысты
(0 Votes)

Конкурсқа жеті аудан мен Атырау қаласынан сегіз команда қатысты. Жеңімпаз атанған Мақат ауданының келіндері байқаудың республикалық кезеңіне жолдама ұтты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Өнер додасы 2022 жылдан бері «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Осы жылғы байқаудың ерекшелігі – облыстық деңгейде өткізіліп, ресми қолдауға ие болуы.

- Мұндай іс-шаралар салт-дәстүрді жаңғыртып, отбасы институтын нығайтып, абысын-ажын арасындағы татулық пен сыйластықты дәріптейді. Сонымен қатар байқау арқылы жастарға үлгі болатын рухани тәрбие мен мәдени мұра насихатталады. Сайыс Атырау облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, Атырау облыстық Мәдениет басқармасы және «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ АОФ ұйымдастыруымен өтті, - деді «Қазақ аналары - дәстүрге жол» ҚБ АОФ төрағасы Жанар Әбіш.

Индер ауданы Есбол ауылынан келген «Хасановтар» әулетінің кіші келіні Гүлфариза Тұяқованың айтуынша, олар көктемде аудандық байқауды жеңіп, облысқа жолдама ұтқан. «Біз 13 абысын-ажын болып бақ сынаудамыз, ұйымдастырушыларға алғысымызды айтамыз» дейді қатысушы.

Төрт кезеңнен тұрған байқау қатысушылардың ұлттық нақыштағы сәлемдесуімен басталды. Екінші кезеңде олар өз өнерлерін ортаға салып, ән, би, қолөнер арқылы көпшілікті тәнті етті. Үшінші кезеңде әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны көрініс арқылы көрсетіліп, маңызды ой тасталды. Ал соңғы кезеңде салт-дәстүр тақырыбы қамтылып, қатысушылар арнайы бейнебаян арқылы қазақтың бай мәдениетін насихаттады.


Додада екінші орынды Индер, ал үшінші орынды Махамбет ауданы қанжығалады. Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар ұсынылды.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT