Наурыз айының соңғы онкүндігінде күн жылынып, қар ери бастады. 23 наурызда «Қарасу» бойындағы су күрт көтеріліп, сайдың бойындағы бөгетті бұзып, жүріп жатқан көпір құрылысы су астында қалды. «Кенен» көпірінде су деңгейі үш метрге жуықтады. Сол уақыттан бастап ауданда тасқын суға қарсы күрес жөніндегі жедел штаб құрылып, барлық төтенше жағдайға жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Бес күннен кейін әлеуметтік желілерде Ойыл мен Қиыл өзендері қатар тасып, көршілес Ойыл ауданынан көп мөлшерде өр суының келе жатқаны жарияланды. Қатты қарқынмен аққан тасқын су аталмыш ауданның біраз елді мекенін басып, көпірді қиратты. Міне, осы жағдайларды көрген аудан тұрғындары да үрей құшағында отырды.
Аудан әкімі Қанат Әзмұханов мекеме басшылары, мәслихат төрағасы, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, еріктілермен көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жиналыс өткізді. Шұғыл бөгет бекіту жұмыстары басталды.
Кешкісін аудан әкімдігінің Телеграм чатында «Тасқын су Миялы ауылына 25 шақырым жерге келді» деген хабарлама келіп, жұмыс одан әрі қыза түсті. Алайда, нөпір су ертесіне, яғни 31 сәуір күні сағат 11.30 шамасында жетті.
Ауыл жастары, еріктілер, мекеме қызметкерлері қапшық қаптап, қызу жұмыс жасап жатқанда, облыс әкімінің орынбасарлары Қайрат Нұртаев пен Марат Мурзиев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрлан Жаңабаев, аудан әкімі Қанат Әзмұхановтар ахуалды бақылап, тиісті тапсырмаларын беріп тұрды.
Таңертеңгілік тас жолдың жырылған жерінен қайықпен тұрғындар тасымалданып жатқан. Бір сәт судың ағысы күшейіп, гүрілдей ақты да су деңгейі бірден көтеріле түсті. Құтқарушылардың, дер кезінде келген техникалардың, халықтың ауызбірлігі арқасында нәтижелі жұмыстар жасалды. Сағат түскі екі шамасында «Бәйсеу» ауылының шетіндегі бейіт маңындағы бөгетке судың келуі нашар делінген хабар түсті. Өйткені, келген су кеңес үкіметі кезінде аталмыш ауылдың тұсынан су кірмес үшін көлденеңнен салынған бөгетке тіреліп қалған. Бұл бөгеттің бұзылған тұсы тар болғанымен, судың өтуі нашар. Округ әкімі Сәндібек Салықовтың басшылығымен жиырма шақты адам бөгет кеңейту жұмысына жұмылды. Кеңейген жерден лап қойған ағын су төмен қарай жөңкіле ақты.
Сағат үшке жақын №1 аймақта «Сақал ата» бейіті жақ соғылған бөгеттің ең басынан су айналып, күтпеген жерден кетіп жатыр» деп жарияланды.
Кешке таман «Сарбастыкөл» алқабынан аққан су сай-жыраларды қуалай «Миялы-Сағыз» тас жолына шығып кетті. Тас жолдың бір шақырымдай жерін су шайған соң, адамдардың қауіпсіздігі үшін көлік қатынасы тоқтатылды.
Бұл күні құлдилай аққан тасқын су «Қамыскөл» жазығы арқылы Жарыпшыққан өзеніне кетіп үлгермей, бұрынғы қоқыс алаңына құйылып, ауылдың оңтүстік-батысынан қауіп төндірді. Ал, солтүстік-шығысындағы «Сарбастыкөл» алқабынан келген су ауылдың шығыс жағындағы «Миялы-Сағыз» тас жолының үстінен ақты. Сөйтіп, Миялы ауылы тасқын судың құрсауында қалды. Таңғы сағат жеті жарымда су деңгейі 1,10 метрді көрсетті. Судың деңгейі түскенімен, қауіптің бұлты сейілген жоқ. Бұдан кейін де үш күн бойы жауапты адамдармен кезекшілік ұйымдастырылып,бөгет астынан жырған су дер кезінде анықталып, бітеліп отырды. Міне, осылайша көпшіліктің жұдырықтай жұмылуының арқасында Миялы ауылын тасқын судан сақтап қалды. Бұл елін тілсіз жаудан қорғау жолында жанкештілік танытқан халықтың арқасы екендігі сөзсіз.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ