Мақат ауданы әкімі Ш.Кейкин бастаған бір топ делегация орта ғасырлық ескерткіш Таскешу керуен сарайына саяхаттады.
Ел тәуелсіздігінің 30 және жергілікті «Мақат тынысы» газетінің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған экскурсия барысында саяхатшылар тарихи орын туралы тағылымды деректерге қанықты. Тас кешу керуен сарайы Мақат кентінен шығысқа қарай 38 шақырым жердегі Сағыз өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Сарайшық пен көне Үргенішті жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи мұра бүгінде мемлекет қорғауында. Қазір бұл жерде араға он жыл салып, археологиялық зерттеу жұмыстары кайта жүргізіліп жатыр. Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мамандары бұл жерде шілде айына дейін болмақ.
«Қазба жұмысын бастағанымызға осыдан төрт-бес күн болды. Таскешу керуен сарайына кіреберіс қақпасын табудамыз. Бір жақ бөлік мұнарасын аштық. Енді жалпы кіретін есіктерін екі жағындағы мұнараларын ашу үшін жұмыстанып жатырмыз.Қазіргі уақытта бұл жерде 15 адам зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл кешенді қазба жұмыстары. Алдағы уақытта қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізуге дайындаймыз»,- дейді Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының археолог маманы Мир Әбдіғалиев.
Тарихи деректерге сүйенсек ескерткіш Алтын Орда мемлекетінің өркендеу кезеңінде бой көтерген. Нысан түгелдей қыш кірпіштен тұрғызылған. Таскешу осы жолмен жүрген керуендерге өзеннен кедергісіз өтетін көпір және демалатын қонақ үй қызметін атқарыпты. Мұнда 1950 жылы алғаш рет Хорезм археология-этнография экспедициясы зерттеу жүргізген. Кейін Әлкей Марғұлан керуен сарайдың сызбасын жасақтады. Бұл жерден қыш ыдыстар, тас диірмен, мыс тиындар, моншақтар табылған.
Экскурсияға қатысушылар керуен сарайының тарихи деректеріне қанығып, сәулеттік құрылысына ерекше тәнті болды. Көнекөз ақсақалдар жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары барысында тарихи ескерткіштердің табылуына үмітті.
Талай жылдан бері топырақ астында елеусіз қалған керуен сарайына алдағы уақытта айрықша көңіл бөлінбек.
Өйткені көне жерді жұртшылыққа таныту Nur Otan партиясы Мақат аудандық филиалы сайлауалды бағдарламасының Жол картасында бекітілген.
Мөлдір Ізтұрғанова
Суреттер автордікі