Талайды тамсандырған Ташкент

(0 Votes)

«Журналисті қасқыр секілді аяғы асырайды» десек те, қаламымыздың қамтитын ауқымын аудан не облыстан әрі асыру қиын. Ауылдың мәселесі деп жүріп өміріміз Доссор мен Мақаттың арасында өтіп жатыр. Ал тілшілік тіршілігіміз қызықты болуы үшін көкжиегіміз кең болуы керек. Ол дегеніміз - республикалық қала берді халықаралық деңгейде ел мен жер көру.

Журналистердің танымын кеңейтіп бауырлас елдердің арасындағы алтын көпір қылу, екі елдің өзара туризмын дамыту мақсатында «Түркітілдес журналистер қоры» делегация болып шет мемлекеттерге шығып тұрады. Шілде айында қор басшысы Нәзия Жоямергенқызының бастамасымен және Өзбекстан спорт және туризм министрлігінің қолдауымен қазақстандық 15 журналист Ташкент-Самарқан-Бұқара қалаларына пресс-тур жасап қайтты. Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Жетісу, Түркістан облыстары және Шымкент пен Алматы қалаларынан келген тілшілерден құралған делегацияның құрамында осы жолдардың авторы да болды.

d09013a9-ac99-40a0-b666-bd6fc252da1f

Өзбекстанға апарар жол       

Барлығымыз әуелі  Шымкент қаласына жиналдық. Өз басым Ташкенттен бұрын Шымкентпен танысып алайын деп және билеттің де ретіне қарай шекарадан өтерден 4 күн бұрын барып алдым. Қала тұрғындарының этникалық құрамынан-ақ Өзбекстанға жақындағаным байқалып тұрды. Қуантқаны ауа райының ыстық болмағаны. (Ыстықтың көкесіне Бұхарада тап болдық қой кейін). Алып жатырған аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен қала болғасын таксимен жүру арзан емес. Біздегідей таксистер тұрағы бар және көшеден де көлік тоқтата аласыз. Әйтпесе, Қарағанды мен Петропавлда мобильдік қосымша не телефонмен шақыратын такси қызметіне күніміз қарап қалған. Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымқалада  демалыс орындары мен саябақтар Атыраудан едәуір көп. Қаланы көріктендіру мен көгалдандыру тұрғысынан оңтүстіктегі ағайындардан үйренеріміз жетерлік. Мұнайдың арқасында қазынамызға миллиондар түсіп жатырған өңірде тұрып халқының саны ғана миллион қаладан артта қалу біз үшін сын болуы керек. Мен барғанда карантиндік талаптар жеңіл болғанымен кейін кешкі 8-ден кейін көшеде баратын жер қалмайтын жағдайға жетті. (Ал бұл уақытта Түркістандағы қызықтар енді басталып жатады).

026accf6-81c0-4242-8067-dce7a40ff01e

Сөйтіп, не керек, қыдырып үлгерсем де, үлгермесем де Шымкенттен кетер сағатым таяй берді. Былтырдан бері енгізілген ереже бойынша шекарадан өту ПТР деген бәлені  тапсыруды қажет етеді.  Көзімізден жас шыққанша анализ алған дәрігерлердің қорытындысы тағатсыздана күткізіп бір күн жарым дегенде дайын болды. Вакцинаны алғанымыз бар, алмағанымыз бар әйтеуір барлығымыздан теріс нәтиже шықты. Теңгемізді долларға айырбастап алдық та дайын тұрған көлікпен шекара бекетіндегі Жібек жолы ауылына бет алдық. Бір сағат дегенде басында кеме қалған Қазығұрт тауларын артта қалдырып,  діттеген тексеру-өткізу пунктіне келіп жеттік. Ала дорбасын арқалап демалысқа еліне бара жатырған өзбектер мен арғы бетте қап қойған ағайындарына көрмекші қандастардың саны аз болмаса да, алғаш рет шет ел асып тұрған мен үшін кеденнен өтудің өзі қызық көрінді.

Шет елдегі алғашқы әсер           

Өзбекстан территориясына аяқ басқан бойда бізді Әлішер мен Шероз атты туризм және спорт министрлігінің өкілдері қарсы алды. Асыға күткен қонақ екендігіміз және жергілікті қонақжайлылық бірден білінді. Шекарадан Ташкентке дейін жарты-ақ сағат жол екен. Сәл жүргеннен кейін менмұндалаған алып шаһар көріне бастады.

Тәшкен (өз тілдерінде - Тошкент)- 2 млн жарымнан астам халқы бар Орталық Азиядағы ең үлкен елді-мекен. Атауы болжамдар бойынша «тас қала» деген мағына береді. Беріректе 2200 жылдығын тойлаған қала 11 ауданға бөлінеді. 1924 жылдан Өзбек КСР-ының құрамында және 1930 жылдан астаналары. Мен көрген Ташкент – өте таза, көшелері кең. Бір қызығы көліктерінің барлығы дерлік – Chevrolet. Олай болуына шеттен көлік сатып әкелуге тыйым салынғаны себеп. Әмір Темір көшесінің Президент трассасы бөлігі Ислам Каримовтың кезінде жабық болған. Жалпы жергілікті жұрт ел басына жаңа басшы келгелі бірқатар оң өзгерістер орын алғанын, туризм қанат жая бастағанын айтады.

Біздің Өзбекстанмен таныстығымыз өзбек асханасынан басталды. Ол елде әр өңірдің асханасында өзіндік ерекшелік бар. Жизақ самсасы, Самарқан наны деп кете береді. Ал қай өңірінде де палау, мастава, дамляма, долма, аччик-чучук секілді дәмі тіл үйіретін тағамдарынан ауыз тие аласыз. Алғашқы түстенуімізден есте қалғаны – өздерінің Бахрома деп аталатын балмұздақтары. Бір қызығы Қазақстанда жасалған екен. Аяғымызды жерге тигізбеген күтіп алушы тарап біздерді «Grand Capital Hotel» қонақ үйіне орналастырған бойдағы шаруамыз валюта айырбастау болды. Сол қонақ үйден арнайы терминал табыла кетіп, қолымызға 50, 100 доллар ұстаған біздер аяқ асты «миллионер» болып шыға келдік. Олай дейтінім, 1 теңге – 25 сом болады, сәйкесінше 100 долларға 1 000 000 сомның үстінде аласыз. Бірақ бағалары да соған сай. Мысалы, өмірімде 7000-ға (мейлі сом болса да) шырын ішемін деп ойламаппын.

9262c748-f2c0-4a46-90cf-42882f210d94

Күн жарым уақытымызды Ташкент шаһарын аралауға арнадық. Білікті гид бола білген Әлішер мен Шероз әкәларддың арқасында тығыз уақыттың ішінде көптеген көрікті жерлерді көріп үлгердік. Олар: Тәуелсіздік алаңы, Бродвей аллеясы, Ташкент метрополитені, Ерлік монументі, Бунедкор стадионы, Наурыз саябағы, Әмір Темір алаңы, Төле би мазары, Минор мешіті, Чорсу базары, Палау орталығы, Magic city қалашығы және Хазірет Имам кешені. Көз сүйсінер ғимараттардың тарихымен жаяу жүре танысып, кейбіріне елге қайтатын күні жолымыз түсті. Екі күн аралығында табанымыз тиген жерлерден өз нұсқам бойынша Ташкенттегі топ-10 туристік нысандарға жеке-жеке тоқтала кетейін:

Ташкент метрополитені

 1977 жылы Орталық Азиядағы алғашқы метро болып қолданысқа енігзілген. Ұзындығы бойынша ТМД елдерінде Мәскеу, Петербор, Киев қалаларының метроларынан кейінгі 4-ші орында. Қазіргі таңда 4 желісі, 43 бекеті бар. Ерекшелігі, аса төменде орналаспаған. Сондықтан ғаламтор желісі жақсы ұстайды. Таңғы 05:00-тен түнгі 12:00-ге дейін қызмет көрсететін метромен пандемияға дейін күніне 320 000 жолаушы жүретін болған. Біз «Чорсу» бекетінен мініп «Космонавттар» бекетінен түстік. Әр бекет өзінің атауына сай ерекше дизайнмен жасақталған.

bcf88431-e413-4c75-b5ab-bc0ed4e604ba

«Бунедкор» стадионы      

2012 жылы ашылған Өзбекстандағы ең жаңа аренаның жанкүйерлер сыйымдылығы - 34 000. Бұл жерде «Бундедкор» футбол клубы мен Өзбекстан ұлттық құрама командасы ойындарын өткізеді. Стадион аумағында арбадағы мүгедектер арналған орындар, кафе-барлар, Фаст фуд  және фитнес-клубтары бар. Қонақтар үшін қызықты болып табылатын «Өзбек футболы тарихының музейінде» ғасырдан астам тарихы бар өзбек футболына қатысты жәдігерлер мен «Бунедкор» футбол клубының жетістіктері көрсетілген. Көгал мен алаң көлемі заманауи талаптарға сай екенін көзбен көріп, қолмен ұстап қайттық.

28e4a4fb-eed5-4978-93bd-190a4e4b0790

Минор мешіті

 Анхор каналының жағасында орналасқан мешіт 2014 жылы Құрбан айт мерекесі қарсаңында ашылған. Дәстүрлі шығыс және өзбек стилінде салынған Алла үйнің екі минареті және бір аспан түстес күмбезі бар. Бір мезетте 2400 адам мінәжат ете алады. Меккеге бағытты айқындап тұратын михрабында Құран сүрелерімен қатар хадистер де жазылған. Мешіт ақ мәрмәр тастан салынғандықтын жергілікті жұрт «ақ мешіт» деп атап кеткен.

e2afe21a-5dd9-444d-987d-fa607ac6de22

«Ерлік» монументі

1976 жылы Ташкенттегі алапат зілзаланың 10 жылдығыны орай орнатылған. Рессми деректерде бұл апаттан 8 адам көз жұмды десе, бейресми деректер бойынша 15 000-ға дейін адам мерт болған деседі. Ескерткіш кешенінде куб жер түрінде бейнеленіп қақ айырылып жатыр. Оның бір жағында 1966 жылдың 26 сәуірі деп жер сілкінісі болған күн, келесі жағында 5:23-те тұрып қалған сағат тілі көрсетілген.Қара граниттан жасалған кубтың жарылуы әйел баланы бауырына басып, ал еркек екеуін қорғап тұрған қола композицияға бағыт алады. Қаланы сол кезде Одақ болып қалпына келтірген.

d4fb15e9-783e-4c94-93b2-3141e8fbce7f

«Magic city» қалашығы

«Magic city» отбасылық көңіл көтеру саябағы Әлішер Науаи атындағы Ұлттық саябақтың орнында ашылған. Қалашықтағы көшелер әлемдегі танымал астаналардың даңғылдарына ұқсатып жасақталған. Алып музыкалық субұрқақ, бавариялық Нойшванштайн қамалының  үлгісіндегі қамал, Регистан алаңы және Римдегі Колизей секілді амфитеатрлар саябақтың шырайын келтіріп тұр. Болашақта 21 га жер көлемін алатын аумақтың ішінде жасанды көл, Өзбекстандағы ең бірінші океанариум, лазерлі кинотеатр, ел бойынша ең үлкен айналмалы дөңгелек ашылмақ.

ba0665cd-d4d9-4e3f-88af-16fde7e4a7d8

Төле би мазары

Ташкентке табан тіреген әр қазақ төбе биіміз болған Төле бидің жатқан жеріне соғып кетуді мұрат ететіні анық. Өзіміз де бабамыздың мазарына бару жолын сұрастырып жүрген қазақтарды көрдік. Өзбектер «Қарлығаш әулие» атап кеткен Төле би өзінің қалауы бойынша түсіне кіріп аян берген рухани ұстазы Шейх Хаунд Тахурдың жанына жерленген. Құлпытасының бір жағында Пайғамбардың хадисі мен Құранның сүресі,  екінші жағында  «Тәңір қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген жазба бар.

6ad46058-3277-4f5d-8239-201b03c7c750

Тәуелсіздік алаңы

Мерейлі концерттер мен әскери шерулер өтетін Өзбекстан астанасының ең басты алаңы. Алаңға «Ізгілік» деп аталатын доға арқылы өтесіз. Алаң аумағында Министрлер Кабинеті мен Сенат ғимараттары, «Тәуелсіздік» пен «Бақытты ана» ескерткіші және Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға арналған мемориал бар. Қаланың ең әдемі субарқақтары орналасқан бұл жер ташкенттіктердің сүйікті демалыс орны.

32737451-c89e-4278-9b4d-d753f6a8901e

«Чорсу» базары

Қаланың ескі бөлігінде орналасқан Орта Азиядағы ең ірі базарлардың бірі. «Чорсу» базары Орта ғасырларда Ұлы Жбек жолының бойындағы маңызды нысан болған. 300-340 метр диаметрлі үлкен көк күмбезі қаланың архитектурасына ерекше сән қосып тұрғандай. Сауда жасауға ниетті адам үшін базарда жеміс-жидек, көкөніс, жаңғақтар, шығыс тәттілерінен таңдау көп. Киімдер мен шаруашылық тауарлары бөлек павильондарда сатылады.

de792e9a-875a-4d58-8a9c-6e62eb9dd9f7

Хазірет Имам діни кешені

Хаст Имам кешені деп те аталады. Мешіттер ансамблі ақын, қолөнерші, ғалым, Ташкентте ислам дінін таратушы Хазірет Имамның моласы жанында салынған. Қабырғалары жарқыраған мозаикалық өрнектермен безендірілген және шығыс күмбездері бар. Келушілер әсем ғимараттардан бөлек шығыс жазбаларының кітапханасы мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жанындағы басты төрт сахабаларының бірі Осман халифтың Құранын тамашалай алады. Одан кейінгі қызықты экспонат – сіріңкенің қорабындай ғана Құран.

5726e1cc-0050-42a1-bc98-17b5f4b63e1f

«Наурыз» этнографиялық саябағы

Көлемі 2,5 га жерді алатын этнографиялық бақта Өзбекстанның облыстары мен Қарақалпақстан автономиясының өзіндік ерекшеліктері, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлері бейнеленген көне стильдегі үйлер тұрғызылған. Қалашықтың қақ ортасында Наурыз мейрамын тойлауға арналған амфитеатр бар. Ал саябақты бойлай аққан каналда ұзындығы 88 метр болатын көпір орналасқан.

225cb088-3445-435c-a3be-e8148cef6a33 

Мен барған Ташкент осындай болды. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» дегендей, төсекте басымыз қосылмаса да, төскейде малымыз қосылған бауырлас әрі көрші мемлекеттің тыныс тіршілігімен танысу сізге де бұйырта қалса жоғарыда жазылған жерлер жадыңызда жүрсін.

                                                                                                                А.Есжан

                                                                                             Атырау-Ташкент-Атырау

Суреттер:  Талғат Мұратбаев және ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521