Жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумына қала мен аудандардан іріктелген оқушылар қатысуда. Үздік атанғандар мамырдың аяғында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқау «Жасыл клуб», «Жасыл сахна», «Экоблогер» және «Үздік эко-дизайн» номинациялары бойынша төрт бағыттан тұрады.
- «Жасыл клуб» номинациясында оқушылар жасыл қала, болашаққа көзқарас, инновациялық таза технологиялар мен өмір сапасын жақсартуға көмектесетін жобаларды қорғайды. «Жасыл сахнада» қуыршақ театры экологиялық мәселелерге арналған бейнеролик пен қойылым көрсетеді. «Экоблогер» дегеніміз әлеуметтік бейнематериалдар номинациясы. «Үздік эко-дизайн» бағытында мектеп оқушылары экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында табиғатқа зиянсыз заттардан бұйым жасап әкеледі,- деді облыстық Білім беру басқармасына қарасты «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының директоры Қайырғали Азилов.
Форумға қатысушылардың бірі — Ж. Досмұхамедов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Аслан Өтепқали. Ол «Жасыл клуб» номинациясына «Жасыл шаңырақ» атты жобасын әзірледі.
- Басты мақсатым — құрылыс материалдарын экологияға пайдалы етіп шығарып, Атырау қаласының ауа сапасын жақсарту. Шатыр үш қабаттан тұрады. Бірінші қабат — бетоннан. Ол шатырды сыртқы әсерден қорғап, су өткізбейтін қызмет атқарады. Екінші қабатқа активтелген көмірді қолдандым. Оның атқаратын қызметі — ауадағы зиянды бөлшектерді, түтінді, ластаушы заттарды өзіне тартып, ұстап қалу. Үшінші әрі маңызды қабат — титан диоксиді қабаты: ауадағы зиянды пигменттерді күннің ултракүлгін сәулесі арқылы тазартып, көмірқышқыл газына, суға және нитрад-иондарға айналдыруға көмектеседі, - деді А.Өтепқали.
Айта кетейік, жарыс нәтижесінде оқушылармен бірге олардың ұстаздары да алғыс хаттармен марапатталады