Атырау облысында алғаш рет сұйытылған азот пен оттегі өндіретін зауыт іске қосылады. Аймақтағы маңызды инвестициялық жобалардың бірі саналатын TenizEcoService зауыты жақында пайдалануға берілмек, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Зауыт Атыраудағы арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан. Облыста баламасы жоқ бұл кәсіпорын сұйытылған азот және оттегі өндірісімен айналысады. Әр қондырғының өнімділігі сағатына 550-600 кг құраса, жалпы өндірістік қуаты сағатына 1100–1200 кг-ға тең келеді. Кәсіпорын тәулік бойы үздіксіз қызмет атқарады.
- Зауыттың атауы – «Сұйытылған азот пен оттегі өндіру зауыты». Онда орнатылған екі технологиялық қондырғы Украинадан жеткізілген. Құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазір іске қосу-реттеу шаруалары жүріп жатыр. Бұйырса, маусым айының соңына қарай өндірісті бастаймыз», – деді «TenizEcoService» ЖШС директоры Алмат Бимағамбетов.
Кәсіпорын мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аясында «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдендіру және сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетіктерін пайдаланып отыр. Бұл – шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Зауыттың негізгі өнімдері: сұйытылған азот, сұйытылған және газ тәрізді оттегі. Бұл өнімдер ірі өндірістік кәсіпорындарда технологиялық жабдықтар мен құбырларды тазарту, жөндеу және іске қосу кезінде қолданылады. Негізгі тұтынушылар қатарында Chevron, NCOC, КПО сияқты жетекші компаниялар бар. Сұйытылған азот оттегіні ығыстыру арқылы өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқармақ.