Су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының 1000-нан астам тұрғынына «Сәби» қоры көмек көрсетті

Су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының 1000-нан астам тұрғынына «Сәби» қоры көмек көрсетті
(0 Votes)

 2002 жылы қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев және эколог Әсел Тасмағамбетова құрған «Сәби» қайырымдылық қоры су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының Құлсары қаласы мен Жылыой ауданының тұрғындарына 2,2 миллиард теңге аударды. 

Бұл қаражат тұрғын үйді салуға, сатып алуға және жөндеуге, құрылыс материалдарын, тұрмыстық техника мен жиһазды сатып алуға, сондай-ақ табиғи апаттың нәтижесінде келген басқа да шығынды өтеуге жұмсалды.

Көмек көрсету бағдарламасын «Сәби» қоры Атырау облысының Жылыой ауданы әкімдігімен және «Атырау» корпоративтік қорымен бірлесіп әзірледі. Қазіргі уақытта 1000-нан астам тұрғынға көмек көрсетілді.

«Табиғи апатқа тап болған барша қазақстандыққа шын ниетпен қолдау білдіреміз. Әкімдіктердің, қоғамдық қорлардың жұмысты дұрыс ұйымдастыруы мен Мемлекет басшысының жеке бақылауының арқасында Қазақстанның әр өңірінде зардап шеккен жүздеген отбасына жаңа баспананың кілті табыс етілді. Өзім Атырау облысы Махамбет ауылында туып-өскенмін, туған жеріміздің игілігі үшін көрсетіп жатқан көмегіміз су тасқыны кезінде бүлінген инфрақұрылымды неғұрлым тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік беріп, отандастарымыз жақын арада жайлы үйлерде қоныс тойын тойлайды деген үміттемін», - деді эколог, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова.

Анықтама үшін:

«Сәби» қайырымдылық қорын 2002 жылы ерлі-зайыпты Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова құрды.

Жұмыс істеп келе жатқан 22 жылдың ішінде Қор медицина, білім беру, мәдениет және спорт саласында 10-нан астам жүйелі республикалық жобаны іске асырды. «Сәби» қоры Ақтау, Атырау, Семей, Петропавл мен Алматы қалаларында жоғары технологиялы жедел балалар хирургиясы бөлімшелерін ұйымдастырды, Астана мен Алматының халық тығыз орналасқан аудандарында жаңа мектептер салып, қалаға сыйға тартты, 14 аймақта спорттық ойын кешендерін ашты, Қазақстанның барлық аймақтарында «Инватакси» қызметін ұйымдастырып, мемлекет меншігіне берді, Қызылорда мен Ақтөбеде жетім балаларға арналған мамандандырылған мекемелер салды, Қазақстанның бірқатар аймақтарында Робототехника орталықтарын ашты және т.б.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT