Бірде Бәйгетөбеге жолым түсіп, жол жиегіндегі қара талдарға су құйып жүрген апамызға көзім түсті. Үстіндегі үй киімінен-ақ, бұл кісінің арнайы қызметкер емес, жай ауыл тұрғыны екенін аңғару қиын емес еді. Ауласына қатысы болмаса да, аулына сән беретінін ескерсе керек, алпысқа таяған апамыз алыстан су тасуға аянып тұрған жоқ...
Сыртқы беттегі талға жаны ашыған адам ауласын гүлдендірмей қойсын ба? Біз әңгімелегелі отырған Күләш апамыз алтыншы сыныпта оқып жүргеннен-ақ бау-бақшаға, жеміс-жидекке жалпы өсімдіктер әлеміне құмартқан екен. Құрбысы екеуі сол кезде ботаника пәніне ерекше ықыласпан зейін салып, соңы әуесқой бағбандыққа ұласты.
Бәйгетөбе ауылының кіреберісінде орналасқан апамыздың ауласы көкөністерден бөлек, түрлі жеміс талдарымен тұтасып тұр. Әрқайсысына балаша күтім жасап, бабын тапқандікі ме, әйтеуір, егілгеніне онша көп бола қоймаған жеміс талдары да бұған дейін өз өнімін беріп үлгеріпті. «Тіл-көзімізді тасқа» дедік. Бір қызығы, бағбан апамыз топырағының құнарын арттыру үшін қойдың қиын қолданады екен. Өзі онсыз да сортаңдау жерге жергілікті тұрғындар әдетте сиыр мен жылқы малының көңін пайдаланушы еді. Өсіремін деген ниет болса, өсіндінің жер талғамайтынын осыдан-ақ ұғынғандай болдық.
Жанындағы кішкентай қолғабысы Құлпынайдың да өзінің сүйіп жейтін жеңсік жемістері бар екен. Әжесінің көз қуанышы да бақшаның қыр-сырын бүгіннен ұғынып жатқандай. Шағын ғана суқұйғышымен жаздың ыстығында жейтін құлпынайларына суын себелеп жүр.
Жербауырлап енді-енді еңсесін көтеріп келе жатқан беймәлім жапырақтардың қандай өсімдікке тиесілі екенін білмек үшін апамды сұрақтың астына алдым...
Толығырақ газетіміздің №18 санынан оқи аласыз!
А.САДЫКОВ
суреттер автордікі