Соғыс солдатының сөмкесі

Соғыс солдатының сөмкесі
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
(0 Votes)

Атырау облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан тірі майдангер қалмады. Бірақ сұрапыл шайқастан оралғандардың өзі болмаса да, көзіндей сақталған жәдігерлер бар.

Құрманғазы ауданында кіндік қаны тамған Исім Қойшиев миллиондарды майдан даласында қалдырған соғыс басталған жылы 17 жасқа толған екен. Бір жылдан соң соғысқа аттанған. Алдымен екі айлық саперлерді даярлайтын курсқа жіберілген. Ал 1943 жылы Воронеж майданында 329-гвардиялық дивизияда саперлік міндетін атқарыпты. Днепр өзені маңында болған шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған. Жеңіс сағаты жақындаған 1945 жылдың сәуірінде «Қызыл Жұлдыз» орденіне, мамыр айында «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарына ие болған.

Жеңіс күнін майдан даласында қарсы алған жауынгер ауылына бірден орала қойған жоқ. Қазақ солдатына Украина елінде 1947 жылға дейін әскери борышын өтеуіне тура келеді. Содан соң елге оралып, жұмыс талғамады. Алдымен қазіргі Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет атқарыпты. Кейін 1984 жылға дейін Коминтерн ұжымшарында, Киров, Октябрь кеңшарларында бақташы ­болып жұмыс істеді.

Жауға қарсы шайқаста ерлік көрсеткен Исім Қойшиев бейбіт өмірде де батылдығымен танылды. Соның бір дәлеліндей, көлікпен су айдынындағы мұз астына түсіп кеткен 3 адамды құтқарып қалған. Дәл осы батылдығы үшін «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалімен марапатталған.

Жиырма жасқа толмай соғысқа аттанған майдангер 2003 жылы өмірден өтті. Бір жыл бұрын майдан даласында қолданған жауынгерлік сөмкесін Құрманғазы аудандық музейінің қорына тапсырған екен. Майдангер сөмкесіне адастырмайтын бағдар көрсететін компасын, ботқадан дәм татқанда қолданған қасығын ұдайы салып жүрген. Қиын күндердің куәсіндей болған бұл жәдігерлер енді музей қорында сақтаулы тұр.

 

Атырау облысы 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT