Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов әскери міндетін өтегеннен кейін жұмыс істегісі келетін сарбаздарды мемлекеттік компаниялар мен ірі корпорацияларға жұмысқа тұрғызу жағын қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарды мемлекеттік компаниялар мен ірі корпорацияларға жұмысқа орналастыруға ұсыныс берген дұрыс сияқты. Өйткені, әскери міндетін өтегеннен кейін олардың бәрі оқығысы келмейді. Кейбірі жұмыс істегісі келеді, оларға да мүмкіндік беру керек. Бізде осындай ұсыныс бар», - деді Ербол Оспанов Мәжілісте өткен іс-шара барысында.
Оның айтуынша, мемлекеттік базада компаниялар мен ірілі-ұсақ корпорациялардың тізімі бар.
«Кәсіби білімді талап етпейтін мамандықтар бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар», - дейді вице-министр.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде мерзімді әскери қызмет өтеген сарбаздарға білім беру және өзге де жеңілдіктер тетігін іске асыру мәселелері қаралды.